Балалар

Петропавл қаласында алғаш рет облыстық көше субмәдениеті фестивалі өтті

Виктор Молодовский – СҚО жастар саясаты мәселелері бойынша басқарманың жетекшісі

– Біріншіден, біздің басқарманың алдында өңіріміздің жастарын қолдап, олардың бос уақыттарында шұғылданатын істерін жоғары деңгейге жеткізу мақсаты болды. Бүгінде біз ұйымшыл жастармен жұмыс жасаймыз. Атап айтсам, рэперлер, free run спортшылары және де осындай бағыттағы жастар. Талантты жастар көзге ілінбей, сыртта қалып жатады, сол үшін біз бүгін бүкіләлемдік жастар күніне орай облыстық көше субмәдениетін өткізуді ұйғардық. Бұл алғашқы бастамамыз ғана, алда әлі үлкен іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз.

Жалпы фестиваль 7 бағыт бойынша өтті. Онда облыс орталығы мен аудандардан барлығы 150-ден аса жасөспірім өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ, “паркур”, “воркаут”, “скейтбординг”, “граффити” және де “хип-хоп”, “брейкинг”, “рэп” баттлдар болды. Ең әуелі сахнаға облысымыздың рэп шеберлері шығып, бір-бірімен жарысты.

Ал осындай тамаша әуеннің аясында скейтбордистер мен воркаут өкілдері де өздерінің бар өнерлерімен тәнті қылды.

Айдар Жамболатов – “workout” спорты байқауының бас төрешісі

– Қатысушылар саны 15 шақты. Олардың барлығы дерлік өз ісінің мықтылары. Біз жасаған әдісінің қиындығын бағалаймыз. Сайыста өз бағын сынау үшін жас ерекшелігін ескермейміз, қатысамын деген ниеті болса жеткілікті.

Сонымен қатар, жағажайда граффити шеберлері өз туындыларын жұрттың назарына ұсынды. Оған қоса жиналған қауым “free run” экстрималдық спорт түрінің кереметтігін тамашалай алды.

Әділбек Амангелдин – “free run” спорты байқауының бас төрешісі

– Бізге жарысқа қатысуға 7 адам тіркелді. Ал облыс бойынша бұл спортпен 150-ден аса адам айналысады. 3 критерий бойынша бағалаймыз. Ол: әдістің қиындылығы, орындаудың тазалығы және де әртістік шеберлік.

Ал сахна алдында екі бағыттағы бишілер үшін линолеум төселді. Барлық жастар шеңберге жиналып, “хип-хоп”, және “брэйкданс” баттлды тамашалады. Олар кездейсоқ таңдалған әуенге би ойлап тауып, қарсыласын тізе бүктіруі қажет.

Барлық байқаулардың қорытындысы бойынша 21 жүлдегер, грамоталар және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылып отырған осындай шараға келген жұрт дән риза.

– Қаламызда осындай шараның өтіп жатқаны өте жақсы. Жерлестеріміздің өнерлерін тамашалау қызықты.

– Халықты жинап, түрлі өнерлерді бірге араластырып осындай шара өткізу керемет. Қаламызда жастарға арналған шаралар жиі өткізіп тұрса жақсы болар еді. Менің өзіме жастарды қолдаған ұнайды.

– Бұл біздің қаламыз үшін игі іс. Бізде түрлі талант иелері бар. Бірақ оларды көпшілік біле бермейді. Менің ойымша осы тектес шараларды жиі өткізіп тұру қажет.

Риат Шони.