Құқық қорғау органдары

2014 жылы 32 жасөспірім жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен

Абілсейіт Жолаушин – СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы

– Аталған акцияның басты мақсаты – балалар арасында жол-көлік жарақаттарын азайту болып табылады. Өйткені, балалардың көбі жазғы демалыс уақытында жолда жүру ережелерін ұмыт қалдырады. Оған қоса көлік иелеріне де жол бойында аса сақ болуды ескертеміз.

Шухов көшесіндегі аулалардың бірінде тәртіп сақшылары “Қазақстан-2050” жалпыхалықтық қозғалысы аймақтық бөлімінің өкілдерімен бірігіп, жақын маңдағы үйлердің кішкентай тұрғындарына жолда жүру ережелерін түсіндіріп жатыр. Полицейлер балғындарға көшені тек белгіленген жерден қиып өту керектігін айтып, бағдаршамның түстеріне тоқталып өтті.

Александр Данчев – “Біздің күшіміз – бақытты отбасында” аймақтық жобасының үйлестірушісі

– Балалар жол-көлік ережелерін ұйып тыңдады. Олар біз ұйымдастырған түрлі викториналар мен ойындарға қатысып, белсенділіктерін көрсетуде. Көпшілігінің жолда жүру ережелерін бұлжытпай орындайтындығына көзіміз жетті.

Кездесу барысында полицейлер мектеп оқушыларына Ішкі Істер Министрлігінің арнайы әзірлеген естелік қағаздарын табыстап, баршасынан тәтті сыйлықтарды таратты.

Олжас Нұркенов

 

– Өз басым көліктің алдыңғы орнында 14 жастағы балалардың арнайы автоорындықта отыруы керектігін білдім. Менің ойымша балаларға арналған осындай акциялар жиі өткізіп тұрса дұрыс болар еді.

“Абайлаңдар, балалар”! – Республикалық акциясы тамыздың 30-на дейін жалғасын табады. Бұл күндері тәртіп сақшылары облыс орталығындағы білім беру ошақтарының маңайын назарда ұстамақ. Сонымен бірге, көлік иелерімен де түсіндіру шараларын жүргізбекші. Жыл басынан бері облыстың тас жодарында балалардың қатысуымен 32 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 32 жасөспірім түрлі дене жарақаттарын алған.

Бақыт Сәдуақасов.