Қоғам

15 тамыз – Археологтар күні

Анатолий Плешаков – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ археологиялық оқу-ғылыми орталығының жетекшісі

– Ботай мәдениетін жергілікті археологтар 80-ші жылдары ашқан болатын. Қонысты зерттей келе, жабайы жылқының ең алғаш осы жерде қолға үйретілгендігі анықталып отыр. Қойнауында мол дүниенің жатқаны анық. Тіпті, қазірдің өзінде бұл маң әлі толықтай зерттеліп болған жоқ.

Археологтар зерттеу жұмыстарына студенттер мен мектеп оқушыларын да баулиды. Олар жаз бойы Қызылжар ауданындағы Долматово ауылынан бір жарым шақырым жерде ашық аспан астында орналасқан қалашықты қайта қалпына келтірумен айналысқан.

Анатолий Плешаков – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ археологиялық оқу-ғылыми орталығының жетекшісі

– Біздің топ Долматово селосының маңында өткен зерттеу жұмыстарынан жуырдаға ғана оралды. Онда сақ тайпасының өмір сүрген жері анықталды. Сондай-ақ, олардың күнделікті тұрмыста пайдаланған ыдыс-аяқтары мен сақ тайпасы көсемдерінің ұрыста және аң аулауда қолданған қару-жарақтары табылды.

Биылғы экспедиция кезінде табылған тарихи жәдігерлер осында жайғастырылған. Біразы, қайта қалпына келтірілсе, кейбірін әлі өңдеуді қажет. Дені – қыш құмыралар мен ыдыс-аяқ, құрал-саймандар.

Олег Мартынюк – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ археологиялық оқу-ғылыми орталығының зертхана меңгерушісі

– Бұл тарихи заттарды жинау кезінде біраз қиындықтар туындады. Өйткені, олардың әрбірін кішкентай бөлшектерден құрастырып шықтық. Оқушылар мен студенттерді қайта қалпына келтірілген заттар қызықтырғаны соншалықты, олар тіпті көне зарттардың көшірмесін жасап шығарады.

Жергілікті археологтар көрші Ресейдің мамандарымен қазба жұмыстарын бірлесіп жүргізіп, жиі тәжірибе алмасып тұрады.

 

Бакыт Садуакасов.