Ауыл шаруашылығы

Мемлекеттің қаржылай қолдауын дер кезінде сезінген кәсіпкер

Бахыт Бекішова, «Петропавл бройлер фабрикасы» ЖШС операторы.

-Бұл балапандардың жұмыртқаны жарып шыққанына небары 14 күн. Оларды +26 градуста күтіп баптаймыз. Тауықтардың жем-азығына бидай, соя, жүгері, тұз, сода, күнбағыс майын және түрлі дәрумендерді қосамыз. Олар осының арқасында 42 күн ішінде 2 келі 300 граммға дейін салмақ жинайды. Жалпы жұмысымыз жеңіл. Мына қондырғылардың бәрі автоматтандырылған. Біз тек мұндағы темпаратураның қалыпты сақталуын және жем-азықтың мөлшерін қадағалаймыз.

Қазіргі кезде кәсіпорында 180 мың балапан өсірілуде. Мына 1 айлық тауықтар енді 10 күннен кейін сою қосынына жөнелтіледі. Өңдеуден өткен тауық еті бірден сауда сөрелеріне шығарылады.

Рамазан Малғаждаров, “Петропавл бройлер фабрикасы” ЖШС директоры.

-Осы уақытқа дейін кәсіпорынның қуаты артты. Соңғы екі жылмен салыстырғанда шығарылатын өнім көлемі 40 пайызға өсіп, 1700 тоннаға жетті. Қазір қалалықтардың сұранысын толығымен қанағаттандырып отырмыз. Біз 1-ші жарты жылдықта 800 тонна құс етін саудаға шығардық. Жыл аяғына дейін оның мөлшерін 1700 тоннаға дейін жеткіземіз. Бройлер құсынан 13 аталымдағы өнім түрі әзірленеді.

Осыдан 6 жыл бұрын іргесі қаланған кәсіпорын бастапқыда біраз қиыншылықтарға тап болған. Фабриканың банк алдында уақытылы өтелмеген үлкен қарызы жұмыстың алға басуына орасан кедергісін келтірген көрінеді. Кәсіпорын тоқыраудың аз-ақ алдында тұрды. Одан шығудың жалғыз жолы мемлекеттік бағдарламаға жүгіну болды.

Рамазан Малғаждаров, “Петропавл бройлер фабрикасы” ЖШС ЖШС директоры.

-Біз мемлекеттің қаржылай қолдауына жүгінбес бұрын кәсіпорынның мүмкіндіктерін, оның толық қуатын, жылдық шығындарын есептеп алдық. Кейін ұлттық кәсіпкерлер палатасына қажетті құжаттарды тапсырып, қаржылық сауықтыру бағыты бойынша өз жоспарымызды құрдық. Міне, «Агробизнес -2020» бағдарламасы аясында ай сайын мемлекеттен 2,5 млн теңгенің субсидиясын алып келеміз. Оған қоса бұрынғы несиенің сыйақы мөлшері 42 пайызға азайтылды. Қаржылай қолдау бізге 2017 жылға дейін көрсетіледі.

Оған қоса фабрика басшылығы мемлекет қолдауының арқасында кәсіпорынға жаңа жабдықтар сатып алған.

Рамазан Малғаждаров, “Петропавл бройлер фабрикасы” ЖШС ЖШС директоры.

-Сыйымдылығы 10 тоннаны құрайтын қосымша тоңазытқыш сатып алдық. Барлық аумаққа құс қораларын үздіксіз қысы-жазы жылы қалпында сақтау үшін газ құбырлары тартылды. Оған қоса біз тоқ көзінсіз 1 сағат та жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан дизелдік электр стансасын сатып алдық.

Қазақстан келешекте Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке енеді. Кәсіпорын басшылығы сол уақытқа дейін өзге елдердің бәсекесіне төтеп бере алатындай жағдайға жетуіміз керек деп өздерінің алдына осындай міндет қойып отыр.

 

 

Берик Касен.