МТРА жаңалықтары

Бельгия елшісі облыстың кәсіпкерлерімен кездесті

Мишель Петерманс – Қазақстан Республикасындағы Бельгия Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі.

-Әзірге әріптестік жоспарын құрған жоқпыз. Дегенмен де сапар кезінде қаладағы 4 ірі зауыттың жұмыс барысымен танысып үлгердім. Сіздердің өңірлеріңіздегі кәсіпорындардың шығаратын дайын өнімдері бізді қызықтырды. Жалпы экономикаларыңыз қарқынды дамып келе жатыр. Кездесу кезінде екі жаққа да тиімді байланыс орнатамыз деген сенімдемін.

Бұл орайда теріскей кәсіпкерлері Бельгия елімен байланыс орнатып, өңірге инвестиция тартуды көздеп отыр. Мысалға алсақ, кәсіпкерлер палатасы облыста жылыжай кешені мен комбайн құрастыратын зауыттың аса қажет екендігін тілге тиек етті.

Нелли Кукушкина – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры.

-2011 жылдан бері Бельгия мен біздің облыс арасындағы тауар айналымы 14 миллион АҚШ долларынан асты. Бұл елден теріскейге медицина, ауыл шаруашылығы өнімдері тасымалданады. Ал Солтүстік Қазақстан облысы Бельгияға өсімдік шаруашылығының өнімдерін экспорттайтын бірден-бір ел. Енді жиыннан соң, экономиканың басқа да салалары бойынша әріптестік орнатамыз деп ойлаймын.

Жиынға қатысқан жергілікті кәсіпкерлер бельгиялық мейманға екі ел арасындағы тауар айналымына қатысты сауалдарын жолдады. Мысалы, облыстағы құс фабрикасының басшысы бельгиялық әріптестірмен байланыс орнатуға құлықты.

Тимур Қожахметов – “Атай СК” басшысы.

-Біздің құс фабрикасының қуаты артып келеді. Алайда, зауыттағы қондырғылардың біразы тозды. Естуімізше, Бельгияның құс фабрикасына арналған жаңа қондырғылары үлкен сұранысқа ие. Сол құрал-жабдықтарды алып, өнім өндіру көлемін ұлғайтқымыз келеді.

Қазақстан Республикасындағы Бельгия Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Мишель Петерманс – аталған құс фабрикасының жұмысымен танысатындығын айтты.

 

 

Бакыт Садуакасов.