Билік

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі

– Президент алдымызға үлкен міндеттер қойды. Кеңейтілген отырыстан кейінгі өткен облыс әкімдерімен кездесуде де Елбасы бізге өңірлің деңгейде шешімін табуы тиіс бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді. Бүгінде облыста Президент атаған барлық бағыттар бойынша жұмыс қолға алынды. Жарты жылдың қорытындысына келетін болсақ, дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілді. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім көлемі артты. Облысқа тартылған инвестиция, кәсіпорындар шығарған өнім көлемі біршама көбейді. Ауыл шаруашылығында жетістіктеріміз бар.

Әсіресе, алты айдың қорытындысы бойынша, өңірде халықты баспанамен қамту көрсеткіші 15 пайызға жоғарылаған. Жолдарды жөндеуге бөлінген қаражат болса, 11 пайызға өсті. Соңғы 6 айда, өңірдің әр тұрғынына шаққанда, шамамен, 230 мың теңгеге жуық өнім дайындалыпты. Өнеркәсіптік саладағы кәсіпорындар 71,1 млрд. теңгенің тауарын шығарған. Әсіресе, жергілікті машинажасау зауыттары үшін қосымша тапсырыстарға қол жеткізу – жыл соңына дейін олардың өндіріс өсімін 5-7 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау көлемі 1,8 есеге артып, 16,6 млрд теңгеге жетті. Өңір шаруалары соңғы уақытта майлы тұқымдастарын өсіруге ден қойды. Ерік Сұлтанов қазіргі таңда майлы дақылдардан дайын өнім шығаруға қатысты бірнеше жобаны жүзеге асырудың қарастырылып жатқанын жеткізді. “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша биыл жергілікті кәсіпкрелерді қолдауға 1,2 млрд теңге бөлінген. Қазір облыста жұмысы қаңтарылып қалған өңдеуші өндіріс ошақтарын қайта іске қосып, ауылдарда сүт қабылдауды жандандыру міндеті тұр.
Өңір басшының есебін мұқият тыңдаған халық қалаулылары атқарылған жұмысқа оң бағаларын берді.

Кәрібай Мұсырман – облыстық мәслихаттың депутаты.

– Өңірде жолдар жөнделетіні қуантады. Бұрынғыдай 200 км емес, 600-800 шақырымы жөнделеді. Ауыл еңбеккерлерінің жалақысы артты.

27-ші сессияда сондай-ақ, облыс бюджеті нақтыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Қасенова өңір қорындағы 68 млн 300 мың теңгені білім беру, денсаулық сақтау салаларына және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларды қаржыландыруға қайта бағыттауды ұсынып отыр.

Халық қалаулылары бұл ұсынысты да бір ауыздан қолдап дауыс берді. Сессияны пайдаланған бірқатар халық қалаулылары облыс әкіміне өз ұсыныстары мен өтініштерін де білдірді.

 

Шохтыбаева Гульмира.