Құқық қорғау органдары

Қылмыстарды ашуда бейнебақылау камерасының көмегі көп

Айдар Ахметов, Петропавл қалалық ІІБ ЖБО инспекторы

– Күдіктілер Интернационал көшесінен Тоқсан би көшесіне қарай жүгіріп бара жатты. Қолында бір зат болды. Мен әлгі екі жігіттің ұрлыққа қатысы бар деген болжаммен рация арқылы бірден сол маңда кезекшілік құрып жүрген жедел топқа хабарластым. Олар оқиға орнына дереу жетіп, күдіктілерді тінтті. Нәтижесінде олардан ақша мен азық-түлік тәркіленді. Кейін анықталғандай, аталған заттар сауда дүңгіршегінен ұрланған болып шықты.

Қазір қос айыптының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жалпы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда заманауи құрылғының көмегімен биыл ашылған қылмыстар саны 7 есе артық.

Дәулет Теміров, Петропавл қалалық ІІБ бастығы

 

– Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің саны тым аз болатын. Қазір ол мәселе шешімін тапты. Соның арқасында қылмыстарды ашу көрсеткіші жоғарылап отыр. Бүгінде Петропавл қаласында жедел басқару орталығының 74 бейне бақылау камерасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Дені көше қиылыстарына орнатылды.

Жыл басынан бері бейне бақылау құрылғысының арқасында 140-қа жуық қылмыс ашылды, оның 9-ы көшедегі ұрлыққа қатысты. 11 бұзақылық тіркелді. 8500-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Тәртіп бұзғандардың біразы жол қауіпсіздік ережесін сақтамағандар.

Берик Касен.