МТРА жаңалықтары

Шетелдік инвесторлар облыс экономикасына қаражат құюға ниетті

Алфредо Виторино, учредитель компании «Eurasia investment», Португалия

– Петропавл қаласы географиялық жағынан өте тиімді орналасқан. Сондықтан, біз осы өңірге инвестиция құюды көздеп отырмыз. Бірінші кезекте, 320 орынға шақталған балабақша құрылысын бастау ойымызда бар. Солтүстік Қазақстан облысында балабақшаға кезекте тұрғандар саны көп. Сондықтан, бұл жобаның тиімді боларына сенім мол.

Балабақша құрылысына шамамен 3-4 млн. евро бағытталмақ. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясында келесі жылдан қолға алынады. «Eurasia investment» компаниясының құрылыс саласында жүргеніне 40 жылдан асыпты. Айтпақшы, Алфредо Виторинодан өзге, соңғы төрт айда өңірге 9 ірі инвестор келіп кеткен.

Арсен Насырханов – СҚО инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры

– Биылғы жарты жылда өңірдің инвестициялық капиталы 34 млрд. теңгеден асып жығылды. Оның 586 миллион теңгесі сырттан құйылған қаражат. Ең ірі жоба – ауыл шаруашылығы техникасын шығару жөніндегі зауытқа 3 млрд-тай инвестиция түсуі мүмкін. Құрылыс материалдарын шығаруға қатысты жобалар бар. Өзге мемлекеттер, Қытай, Германия, Белгиядан келеді.

Облыс инвестиция құю көрсеткіші жөнінен республикада сегізінші орынға тұрақтаған. Әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Беларусия, Ресей Федерациясының инвесторлары өңірде жүзеге асып жатқан жобаларды қаржыландыруға ерекше қызығушылық танытуда. Жалпы бүгінде инвесторларға қызмет көрсету орталығында қаржылай қолдауды қажет ететін 70 шақты жоба жатыр. Олар өңірде қараша айында өтетін инвестициялық форумда жұртшылыққа таныстырылатын болады. Аталмыш шараға 300 шақты шетелдік инвестор қатысады деп күтілуде.

 

Шохтыбаева Гульмира.