Қоғам

Петропавлда тауық еті мен жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру туралы меморандум жасалды

Шыңғысбек Сұлтанбеков – Петропавл қаласы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы

– Мысалы, айдың басында тауық етіне жіберген бағасы 530 теңге болса, қазіргі бағасын 700, 750, 800-ге көтереді. Көрдіңіздер ме, бір 40 пайызға көтеріліп бара жатыр. Осы бағаның өсуін ауыздықтау үшін бүгін бір келісімге келсек деп отырмыз.

Меморандум жасасу үшін жиынға жергілікті кәсіпкерлер де шақырылыпты. Якорь селосындағы “Атай-СК” ЖШС құс еті мен жұмыртқаны Астана, Қарағанды және Павлодар қаласына жиі шығарады екен. Өйткені, бұл жерде бізсіз де бәсеке мықты дейді кәсіпорын директорының орынбасары Санат Юқасбаев. Олардың да өнімі электр жарығы, су төлемдері сияқты шығындардың өсуіне байланысты қымбаттаған. Десе де, бағаны бірқалыпты ұстау туралы келісімге қол қоюға қарсы емес.

Санат Юқасбаев – “Атай-СК” ЖШС директорының өндіріс бойынша орынбасары

– Бірқалыпты баға керек бәрімізге. Бірақ та бізде көп жағдайлар бар. Олар: электр энергиясының қымбаттауы, судың қымбаттауы, жемнің де қымбаттауы. Бірақ та біз енді оның бәріне қарамай қол қоюға тырысамыз.

Негізі, қалада азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бойынша арнайы штаб жұмыс істейді. Оның мүшелері күн сайын базар аралап, бағаның жағдайын байқайды екен. Қымбаттаса, міне, осындай шаралар қолға алынады. Екі жақ жасасқан меморандумның күші жыл соңына дейін сақталмақ.

 

Данаш Хамзина.