Билік

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Уалиханов ауданында болды

Қоғамдық қабылдаудан соң облыс әкімі осы аудандағы Ақбұлақ ауылындағы «СЕВКАЗТАС» ЖШС жұмысымен танысты. Мұнда жылына 200-мың тонна қиыршық тас өндіріледі. Серіктестікте 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, тағы отызы ауысыммен істейтін көрінеді. Артынша аймақ басшысы аудан орталығындағы «Мөлдір су» МКК өз қаражатына салып жатқан 2-қабатты үйдің құрылысымен танысты. 18 пәтерлі баспананы кәсіпорын өз қызметкерлеріне арнап тұрғызып жатыр. Ауданда тоқсаныншы жылдардан қаңырап қалған ғимараттар көп. Өңір басшысының айтуынша, жоспар құрып, оларды индустриаландыру картасына енгізу қажет. Ал, Кішкенекөлдегі 250 адамға шақталған «Қожахмет Хазрет» мешіті халық игілігіне 2013 жылы тапсырылған. Өңір басшысы мешітке сый ретінде теледидар табыс етті. Ал мына бос жатқан алаңда алдағы уақытта дене шынықтыру кешенін салу жоспарлануда. Алайда Ерік Сұлтановтың пікірінше, бұл жердің аумағы кешен құрылысына аздық етеді. Бұдан соң облыс әкімі №2 орта мектеп-интернатының тыныс тіршілігімен танысты. Аталмыш мектепте ауданның мұражайы орналасқан. Әкім барған келесі нысан «Қызылту ұн тартатын комбинаты» болды. Сонау 1954 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан комбинат тәулігіне 250 тонна ұн үгеді. Сондай ақ мұнда 210 адам тұрғылықты жұмыспен қамтылған. Содан соң аймақ басшысы Қазанат фермерлік қожалығында да болды. Тұрғындарды қымызбен қамтып отырған нысан толықтай кәсіпкердің жеке қаражатына тұрғызылған. Сапар соңында аймақ басшысы аудан активін өткізіп, соңғы 6-айдың қорытындысын тыңдады.

Аман Төрегелдин- Уәлиханов ауданының әкімі

– Біршама шаруа тындырылса да, ауыз толтырып айтатын жетістіктер жоқ деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов. Мысалы ауданнан индустриаландыру картасына бір де бір жоба енгізілмепті. Ауданның әлеуеті зор, өсім резерві бар бірақ оны пайдалануға бәрі құлықсыз. Шағын және орта бизнесті дамытуды да қолға алу қажет деп міндеттеді аймақ басшысы. Айта -айта жауыр болған жол мәселесі де жиында қозғалды.

Ерік Сұлтанов- Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Құлыкөл елді мекеніне қарасты 4-мың шақырым жол жөндеу тізіміне енгізілді. Осы жылдың соңына дейін ол жолды қайта қалыпқа келтіру үшін барлық шараларды қолға аламыз.

Жиын соңында тұрғындар облыс әкіміне өз сауалдарын қойып тұщымлды жауап ала алды. Кездесуді қортындылаған өңір басшысы аудан әкіміне еңбекақының уақытылы төленуін қамтамасыз етіп, жұмыссыздық мәселесін шешуді тапсырды.