Қоғам

Облыс аумақтарын дамыту бағдарламасы нәтижесін беруде

Михаил Лабуш – СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы.

– Бағдарламада қарастырылған негізгі мәселелер шешімін тауып жатыр. Мысалы, осыған дейінгі ауыл шаруашылығы дақылдарын сақтау орындарының тапшылығы шешіліп келеді. Әсіресе, 2011 жылы нан қабылдайтын орындар лық толып, артығын сақтайтын қоймалардың болмағаны белгілі. Бұл мәселені біржақты ету үшін 3 жылда 11 элеватор мен 20 бидай қоймасы іске қосылды. Олардың жалпы сыйымдылығы 422 мың тоннадан астам.

Сондай-ақ, бағдарлама қабылданғанға дейін облыстың сыртқы экономикалық қызметі де мәз емес-тін. Шет мемлекеттерге негізінен, шикізат шығарылып келді. Дегенмен, мемлекеттік қолдаудың аясында, сондай-ақ, кедендік одақ жағдайында өңірдің экспорттық әлеуеті артып, сонымен қатар, шетелдерге шығарылатын өнімнің диверсификациялануы байқалған.

Михаил Лабуш – СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы.

– Сыртқа шығарылатын бидай көлемі 251 мың тоннадан 485 мың тоннаға артты. Сондай-ақ, облыс экспорты әртараптанып келеді. Мысалы, 2010 жылдан бері макарон өнімдері 31,8 пайызға артып, 2012 жылы 2,9 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ, облыстан алыс-жақын шет елдерге қара металл сынықтары, қайта қорытуға арналған құймалар шығарылуда.

Дегенмен, сараптама көрсетіп отырғандай, экпортқа дайын өнім шығару мәселесі әлі де өзекті қалып отыр. Әлеуметтік салаға келетін болсақ, өткен жылы ғана өңірімізде 7 балабақша қатарға қосылыпты. Нәтижесінде 319 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Сонымен қатар, осыған дейінгі мекемелер кеңейтіліп, қосымша 707 орын ашылыпты. Ал денсаулық сақтау саласына былтыр 23 млрд. теңге бағытталыпты. Мұның нәтижесінде жалпы өлім-жітім 3 пайызға, ана өлімі 2 есе қысқарған. Осындай оң көрсеткіштерге қол жеткізген облысқа берілген баға да біршама жоғарылаған.

Михаил Лабуш – СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы.

– Бағдарламаны жүзеге асырудың тиімділігі өңірлік даму мен экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері жүргізген бағалауда көрініс тапты. Мысалы, 2013 жылы әкімдіктің бағдарламаны іске асыру қызметі 94,4 ұпайға бағаланды. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 14 ұпайға артық. Нәтижесінде, облыс өңірлер тізіміндегі 16 орыннан 8-шісінге көтерілді.

Бағдарлама әкімшілері жыл соңында өңірлік жалпы өнім көлемінің өсімі 2013 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артатынын болжап отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының өнімі 6,6, өнеркәсіп тауарлары 4,2 ал сауда көлемі 4,4 пайызға өседі деп күтілуде.

 

Шохтыбаева Гульмира.