Бизнес және экономика

Өңірдің алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы

Бибіхан Махметова – СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бөлімінің басшысы

– Облыс экономикасының төрттен бірі – аграрлық салаға қатысты. Сондықтан, өңірімізде ауыл шаруашылығының дамуына басымдық беріліп, мемлекеттен зор қолдау қарастырылған. Мысалы, ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау мақсатында өңірге ел қазынасынан 15 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылғы қаржыдан 1,6 есе артық. Сонымен қатар, осы жарты жылда ауыл шаруашылығы саласына 19,5 млрд теңге инвестиция бағытталды. Бұл облыстың өнеркәсіптеріне салынған барлық инвестицияның 57 пайызы.

Нәтижесінде 2014 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы саласында 34 млрд. теңгенің өнімдері шығарылды. Мамандар мал басының артқанын айтады. Ал өнеркәсіп нысандары болса, осы уақыттың ішінде жалпы құны 71 млрд теңгеден асатын тауар шығарыпты. Облыс көлемінде тағам өнімдерін дайындаудың 10 пайызға артуына байланысты, жалпы өндіріс көлемінің өскені байқалған. Әсіресе, қаңтар мен маусым аралығында құс етін, рапс, майы, сары май, сүт, ұн мен кондитер өнімдерін әзірлеу саласы алға басыпты. Экономистер жарты жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке салық аударудың да асыра орындалғанын айтады.

Бибіхан Махметова – СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бөлімінің басшысы

– Жергілікті бюджет салымдарының жоспары 5,9 пайызға асыра орындалды. Жеке табыстар 13 млрд теңгеден асты. Бұл 2013 жылдың бірінші жалтыжылдығындағы көрсеткіштен 800 млн. теңгеге артық.

Сандардың сапасын халықтың әл-ауқатына аударар болсақ, өткен жартыжылдықта халықтың тұрмыс деңгейі жақсарғаны байқалады. Ең бастысы – жерлестеріміздің жалақсы жоғарылап, маусымның соңында 76 мың 992 теңгені құрады. Аталған көрсеткіш бірден 8 пайызға өсті дейді мамандар. Ал тұрғындардың орташа табыстары 6 пайызға артып, 47 мың теңгеден айналды. Жұмыссыздық деңгейі болса, өңіріміз бойынша 0,3 пайызға қысқарып, 5 пайызда тұрақтады. Нәтижесінде қазіргі таңда облыста еңбекпен қамтылмаған жандардың саны 16800-ді құрап отыр.

 

Шохтыбаева Гульмира.