Қоғам

Облыста 11 мың мүмкіндігі шектеулі жан еңбек етуге қабілетті

Ольга Байдель – “Әскери киім тігу фабрикасы” ЖШС тігіншісі

– Мен бұл тігін цехына жақында ған жұмысқа орналастым. Әзірге қызметім өзіме ұнайды. Осыған дейін басқа тігін фабрикасында еңбектендім. Ол жерде жұмыс жағдайы шалағай болғандықтан, кетуіме тура келді.

Кәсіпорын басшысы Борис Бутыч бизнес әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпауы керек дейді. Ол үшін серіктестік қолынан іс келетін кембағал жандарды еңбекпен қамтуға даяр.

Борис Бутыч – “Әскери киім тігу фабрикасы” ЖШС филиалының директоры

– Тігін цехында 90 қызметкер жұмыс жасаса, соның 5-уі 3 топтағы мүгедек. Олардың тігін тігуге деген қабілеті алғашқы күндерден-ақ көрінді. Тіпті аяқ-қолы сау адамдардан да жақсы істейді десем де артық айтқандық емес. Әр жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Мүгедектерді жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы екі қолға бір күрек тапқан облыс орталығының енді бір тұрғыны Александр Ламанов. Жас жігіттің Петропавл қалалық маслихатына орналасқанына көп бола қоймапты.

Александр Ламанов – Петропавл қаласы маслихатының инспекторы

– Мен оқу бітіргеннен соң тұрақты табыс көзін іздеп, біраз қиналдым. Кейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш білдірдім. Олар мені жер қатынастары бөліміне жіберді. Ал жақында ол бөлімнен қалалық мәслихатқа ауыстым.

Жалпы облыста 11 мыңнан аса еңбек етуге қабілетті мүгедек жан бар болса, соның жартысынан астамы екі қолға бір күрек тапқан.

Лариса Шереметьева – СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламаларды үйлестiру басқармасының мүгедектерді оңалту бөлімінің басшысы

 

– Қазіргі таңда өңірімізде 29 мыңнан астам мүгедек тіркелген. Жыл басынан бері мүгедектерді жұмысқа тұрғызу картасы арқылы 501 азамат еңбекпен қамтылса, соның 307-сі тұрақты жұмыс орны.

Сондай-ақ облыс орталығында мүгедектерге жұмыс тауып беруге жәрдемдесетін жәрмеңкелер де жиі өткізіліп отырады.

Бақыт Сәдуақасов.