Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қызылжар ауданында болды

Еркебұлан Кәменов- Қызылжар ауданының әкімі

– Ағымдағы жылы «Ахмутдинов» ЖК өз кәсіпорынын дамытуды көздеп отыр. Олар жаңа қондырғылар алып, ағаш өңдейтін цехты кеңейтуді жоспарлаған. Сонымен қатар, Якорь ауылында шұжық цехін ашу көзделуде. Михайловка ауылында пластик терезелерін шығару бойынша кәсіпорынды жұмысқа қосу ойда бар.

Ауданда туризмді дамытуға әбден болады. Бірақ бұл бағытта жұмыстар атқарылмай жатыр. Мұндағы инвестиция көлемі де 7,5 пайызға азайған. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы да сылбыр жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар тындырылмаған.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі

– Ірі қараның экспорттық потенциалын арттыру бағдарламасы аясында 400 басқа арналған асыл тұқымды репродуктор әлі құрылмаған. Ірі қараны сатып алу жұмыстары 17 пайызға ғана орындалған. «Сыбаға» бағдарламасының жүзеге асырылуы да сылбыр жүргізілуде. Тек 21 пайызға ғана орындалған.

Кейін залға жиылғандар облыс әкіміне өз сауалдарын жолдай алды. Ең алдымен, өңірдің дамуына бей- жай қарамайтын азамат Геннадий Зенченко сөз сөйледі.

Геннадий Зенченко- «Зенченко и К» КС бас директоры, Қазақстанның еңбек ері

– Новокаменка мектебіндегі балалардың спорттағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлық. Түрлі облыстық, республикалық жарыстардан үнемі жүлделі оралады. Олардың болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Алайда жарыстарға олар үнемі қоғамдық көліктермен жүріп қатынайды. Соларға автобус берілсе, жақсы болар еді.

Бұл сауалды облыс әкімі шешетіндігін жеткізді. Ауданда жол мәселесі де өзекті. Долматово ауылының тұрғындары оларға апаратын жолдың сапасына шағымданды.

– Біздің Долматова ауылына дейін жол жоқ. Осы мәселе қашан шешімін табады екен.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі

–  Қандай ауылды алмасақ та, көпшілігінде жол мәселесі ақсап тұр. Сондықтан Долматованың да жағдайынан хабардармын. Қазір жобалық сметалық құжаттар әзірленді. Ендігі жылы жолды жөндеуге кірісеміз. Ең алдымен, әрине, ағымдағы жөндеуді жүргіземіз.

Бұдан өзге жиында шағын шаруа қожалықтарын субсидиаландыру және аудандағы электр энергиясымен қамту мәселелері көтерілді. Қызылжарлықтардың бұйымтайларын тыңдаған аймақ басшысы барлық сауалдарды бақылауға алтындығын жеткізді.

Магжан Ахмадина.