Қоғам

Петропавлда “Сабантой” мейрамы аталып өтілді

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары

– Солтүстік Қазақстан облысы бірегей мәдениеттері бар ұлттардың туған жері. Сабантой жерлестеріміздің бойына барша халықтардың мүдделерін түйістірген, ұлт пен ұлысты ұйыстыратын тағылымы мен тәлімі зор жалпыхалықтық мейрам.

Сондай-ақ шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков та қатысты. Ол мәдени орталықтың бірқатар белсенді мүшелеріне алғысхаттар табыстады.

Анатолий Башмаков – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары

– Мен барша жиналғандарды “Дуслық” татар-башқұрт орталығына 25 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл мейрамның тарихы тереңде жатыр. Біз 1989 жылы елімізде алғаш рет осы мерекені атап өткен болатынбыз. Қазір дәстүрге айналды.

Жыл санап “Сабантой” мерекесінің ауқымы кеңейіп, маңызы арта түсуде. Көктемгі егістік аяқталғанда тойланатын сабантойдың тарихы тереңде жатыр. Кейін “Сабантой” мейрамы – теріскей өнер ұжымдары мен әншілерінің қатысуымен болған концерттік бағдарламаға ұласты.

Жергілікті өнер ұжымдарынан бөлек, солтүстікқазақстандықтарды “Сабантой” мерекесімен құттықтауға Қазан қаласынан “Казан егетләре” жұлдызды тобы да келген екен.

Айдар Аглямов – “Казан егетләре” тобының мүшесі, Қазан қаласы

 

– Біз солтүстікқазақстан жерінде қайта қауышып жатқанымызға қуаныштымыз.”Сабантой” мейрамына жиналған қауым ауа райының қолайсыздығына қарамастан біздің әндерімізді тыңдауда. Бұл барша ұлт пен ұлыстарды біріктіретін ортақ мереке. Мейрам құтты болсын.

Бұл күні орталық алаңға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Түрлі ұл өкілдері өнерпаздармен бірге қосыла ән шырқап, би биледі.

Татар халқының ұлттық мерекесі әдеттегідей түрлі ойындарға толы болды. Мейрамға келгендер арқан тартыс, гір көтеру сынды қызықты жарыстарды тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Жалпы бүгінгі таңда облысымызда 12 мыңнан астам татар-башқұрт ұлтының өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Бақыт Сәдуақасов.