Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мұсылман қауымның Ораза айт мерекесі басталды

Қасымхан Абдуллаұлы – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы

– 30 күн бойы мұсылмандар ораза ұстады, ғибадатта, құлшылықта болды. Қайырымдылық іс-шаралар атқарылды. Сауапты ізгі амалдар жасалды. Осы Айт мейрамы баршамызға құтты болсын. Алла тағала осы 30 күн бойы ұстаған оразаларымызды, тілеген барша тілектерімізді қабыл етсін. Елімізге, жұртымызға Алла тағала тыныштық берсін. Жақсылық берсін, ынтымақ, бірлік берсін дейміз.

Жиылған мұсылман қауымды облыс әкімінің атынан бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтап, береке-бірлік, молшылық тіледі.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары

– Бүгінгі күнде еліміз жақсы дамып, экономикамыз көтеріліп бүкіл әлемге танымал болып отырмыз. Сондықтан, көз-тілден Алла сақтап, ары қарай да дами берейік. Халқымыздың тұрмысы жақсара берсін күннен-күнге. Алдымызда үлкен науқан тұр. Ол – егін жинау. Міне, бүгінде жаңбыр жауып, егініміз жақсы өсіп, соны бір айдан кейін аман-есен жинап алып, қамбамызға құйып алайық.

Айт мейрамы намаз оқумен басталады.

Айт намазы оқылып болғаннан кейін, мұсылмандар бір-бірінің үйін аралайды. Дәмнен ауыз тиіп, ренжіскені болса татуласады. 30 күн ауыз бекітіп, мешітте пітір садақа салып, толық бір айды құлшылыққа арнаған ағайын бір-біріне жақсы ниетін білдіреді. Ақ жаулықты Шолпан Қалиева да бүгін Аланың үйіне келіп еліне амандық тіледі.

Шолпан Қалиева

– Мен, мінекей, 10 жылға жақын намаз оқып келе жатырмын. Аллаға деген құлшылығымды орындап, өзімнің ниетімзі қойып, оқып жүрген оразамыз қабыл болсын. Барлықтарыңызға да зор денсаулық тілеймін. Келесі Рамазан айына дейін отбасыларыңызға береке-бірлік, денсаулық, молшылық, бала-шағаларыңыз бәрі аман болып, елімізде тыныштық болсын.

Шын жүректен, ақ ниетпен еліне жақсылық сұраған халықтың тілегі қабыл болғай.

– Ораза ұстаймыз әйеліміз екеуіміз. Бүкіл отбасымызбен жақсылықпен тілектерді қабыл алып, Аллаға сыйынамыз. Бүкіл халыққа жақсылық тілеймін. Оразадан орзаға жете берейік.

– Бұл Айт күні Алла тағаладан тілейтініміз елімізге, жұртымызға, барлық мұсылмандарға, барлық халыққа бақытты, тынышты ұзақ өмір бере гөр. Бейбітшілік бер, Алла тағала. Әрбір шаңыраққа шаттық, босағаларын берік қылып, қызығымыз қызыққа ұласып, Алла тағала, жақсылығыңды бере гөр.

–  Алла Тағала нәсіп етіп, ендігі жылғы, 2015 жылға Айт намазына осылай жұбымыз жазылмай, аман-есен, ел жұртымен, жанұяларымен, ағайын-туыс жететін болайық. Заманымыз тиыш болсын, аспанымыз ашық болсын.

Бүгін мешітке келген кісі де қисап жоқ. Жоғарыдағы екі қабат та адамға лық толды. Алдыңғы толқын – ағалардың айтуынша, арасында жастардың жиі байқалуы ерекше қуантады.

– Халқымыз осы дінде болса, иншалла, әділдікке, адалдыққа, жақын болар. Еңбекқорлыққа, елсүйгіштікке жақын болар деп есептеймін.

– Әлбетте, қазір жастар көп келуде мешітке. Дінге көбісі бет бұруда. Бұл жақсы, иншалла. Мешіт – тазалықтың, иманы жағынан рухани байлықтың орны.

Бұл күні мешіт қызметкерлері қонақтарға арнап кең дастарқан жайды. Киіз үйдің ішінде келушілерге шәй құйылып, ыстық палау мен тілдің дәмін үйіретін қып-қызыл бауырсақтар ұсынылды. Ал, шағын концерт мерекелік қарбаластың шырайын аша түсті. Айта кету керек, биыл бірінші рет тұрғындар арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтеді. Жеңімпазға сыйлық бар.
3 күнге жалғасатын Ораза айтынан кейін 70 күн өткен соң мұсылман қауымы Құрбан айтын атап өтеді.

Данаш Хамзина.