Қоғам

Мемлекет қолдауының арқасында ісі өрге домалаған шағын наубайхана

Валентина Мыза, “Мыза В.В.” ЖК шағын наубайхананың директоры, Қызылжар ауданы

– 15 жыл бұрын істі жаңадан бастағанда тек өзіміздің дүкенімізде ғана саудалайтынбыз. Қазір өндіріс көлемі ұлғайып, көршілес 6 ауылды өз өнімімізбен қамтып отырмыз. Осы істе мемлекеттің қолдауын көріп отырмыз. Қазақстанның тұрақтандыру қоры арқылы ай сайын арзан бағамен 5 тонна ұн аламыз . Бұл нарық бағасынан әлдеқайда арзан.

Кәсіпкер әйел бүгінде Большая малышка селосының 12 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Наубайханашы Светлана Акимова 1 ауысым жұмыс істеп, 3 күн демаламыз дейді. Еңбекақысына көңілі толады.

Светлана Акимова, “Мыза В.В.” ЖК наубайханашысы

– Біз тек түнгі ауысымда жұмыс істейміз. Шағын кәсіпорында 4 бригада бар. 1 ауысымда 750-ге жуық бөлке нан пісіреміз. 200 бөлкесін Большая малышка селосында қалдырып, қалғанын көршілес 6 ауылға жеткіземіз. Бір бөлкенің құны 45 тг. Санитарлық норма бойынша ас атасы дүкендерге таңертең жеткізіледі. Өнім 24 сағаттың ішінде сатылып кетеді. Менімен тағы мұнда 7 наубайханашы еңбек етеді.

Шағын наубайхананың ісі өрге домалап, сұраныс артса жеке кәсіпкер “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына жүгініп, өндіріске қажетті жартылай автоматтандырылған пеш пен жабдықтар сатып алсам дейді.

Берик Касен.