Қоғам

“ҚР зейнетақы жүйесін жетілдіру” тақырыбына арналған семинар

Данияр Маекенов – “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ сервис орталығының меңгерушісі

– Қазақстан Республикасы бойынша салымшылардың саны 8 млн-нан астам адамды құрайды. Жинақтардың саны 4 трлн. теңгеден асты. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша салымшылардың саны 300 мыңнан асты. Жинақтарға келсек, 100 млрд. теңгеден асты.

Өзгерістердің бірі базалық зейнетақыға қатысты. Мәселен, бүгінде оның көлемі бәріне бірдей, яғни – 10 мың 450 теңге немесе күнкөріс минимумының тең жартысын құрайды. Енді, 2017 жылдың 1-ші шілдесінен базалық зейнетақы төлемдері еңбек өтілімен сай тағайындалмақ.

Арай Нұғыманова – СҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары

– Мысалы, 10 жыл еңбек өтілі болса базалық зейнетақы төлемі күнкөріс минимумының 50 пайызын құрайтын болады. Ал, әр 10 жылдың үстіне әр жыл үшін 2 пайыздан қосылатын болады.

Егер азамат 35 жыл еңбек етсе оның алатын базалық зейнетақысы күнкөріс деңгейінің ең төменгі шамасының 100 пайызын құрамақ. Зейнетақыға байланысты тағы бір өзгерістердің бірі осы жылдың 1-ші қаңтарынан күшіне енді. Мәселен, бала күтіміне байланысты табысын жоғалтқан әйел адамдар үшін бюджеттік субсидиялау енгізілді.

Арай Нұғыманова – СҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары

– Мысалы, әйел адамның орташа табысы 50 мың болса оған тағайындалатын әлеуметтік төлемнің сомасы 20 мың болады. Мысалы, бюджеттік субсидия – ол табысын жоғалтпай жұмыс істейтін болса, сол 50 мың теңгенің 5 мыңы – 10 пайызы зейнетақы аударымы болып аударылатын, соның айырмасы – 3 мың теңгесі республикалық бюджеттен 1 жасқа дейін субсидияланатын болады.

Бұл ананың декреттік демалыста болған кезінде зейнетақы аударымдарының үзілмеуін қамтамасыз етпек. Тек 1 жыл көлемінде. Өйткені, заң бойынша әлеуметтік төлем бала 1 жасқа толғанға дейін беріледі.
Бүгінгі жиын – бүкіл ел көлемінде өтетін ауқымды түсіндіру жұмыстарының бір шарасы. Барлығы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 5 ауданда осындай кездесулер ұйымдастырылмақ.

Данаш Хамзина.