Қоғам

23 шілде Қадыр түні

Кенжетай қажы Дүйсенбай – «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы

– Қадыр түні қай күн екендігіне көптеген ғұламалардың артында пікір таластар бар. Ғұламалардың негізгі пікірі 26-нан 27-не қараған түнді Қадыр кеші деп атаған. Қадыр түнінің бір кереметтілігі осы Рамазан айының Қадыр түнінде Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға Құран-Кәрім түсірілген.

Мұсылман қауымна қасиетті деп саналатын Қадыр түнінде жамағат түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздары мен, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасайды. Сондай-ақ бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады.Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдарға арнауына болады.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы

– Мешітке келіп, не болмаса үйінде қарсы алған кісілер болсын. Ең бастысы біздің айтарымыз шын жүрекпенен, таза көңіліменен алақан жайып Алладан өзіне ең қажетті дегенін сұрап, еліне, халқына, көршісіне, ағайын-туыстарына, отбасына өзінің шын көңілдегі дұғасын қыла беруге болады. Ал кішкентай нәрестесі барлар, ауырған кісілерге өзін түнімен қатты қинауға болмайды. Ауруханада жатқандар дәрігермен кеңесіп, дәрігер оған тыныштық керек десе түнімен отырудың қажеті жоқ.

Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Аллаһ Тағаланың мейірімі төгіліп тұрады. Қияметте Аллаһ Тағала хикметімен емес құдіретімен амал етеді. Сол сияқты Қадір түнінде де Аллаһ Тағаланың құдіреті үстем болады. Ол түннің қадірін білгендерге Аллаһтың мейірімі мен берекесі жауады, ал одан құр қалмау адамның рухани сергектігіне байланысты.

 

Риат Шони.