Қоғам

Жалғызбасты аналарға қол ұшын созу

Қарлығаш Абаева – СҚО сот актілерін орындау департаментінің алимент төлемдерін өндіру бөлімінің аға сот орындаушысы

– Шілденің 6-сы күні ҚР Әділет министрлігінде алимент төлемей жүргендерге қатысты отырыс өткен болатын. Оның қорытындысы бойынша сот орындаушылар қоғамдық ұйым мен қайырымдылық қорлармен бірігіп жұмыс жасау керек деген шешім шықты. Осылайша жалғызбасты аналарға ақшалай немесе киім-кешек жағынан қол ұшын беру ұйғарылды.

Дөңгелек үстелде кәмелет жасына толмаған балалары бар жалғызбасты аналардың тұрмысы сөз болды. Өйткені көп жағдайда алименттен қағылған аналар өз бетінше күн көруге мәжбүр. Барлық ауыртпалық нәзікжандылардың мойнына түсуде. Осы уақытқа дейін “Улыбка” қайырымдылық қорының өкілдері жалғызбасты аналарға киім жағынан көмек беріп келеді.

Галина Бондаренко – “Улыбка” қайырымдылық қорының төрайымы

– Біздің қайырымдылық қоры – жалғызбасты аналардың балаларына киім жағынан көмектесуде. Өз басым осы уақыт ішінде біздің орталыққа мұңын шағып келгендердің бетін қайтарған емеспін. Өйткені балаларға бар жағдай жасау керек. Олар біздің болашағымыз.

Сот орындаушылары бірлестіктер жалғызбасты аналарға ақшалай да, заттай да көмек көрсете алатынын айтады. Ол үшін қоғамдық ұйым өкілдері облыс орталығында ауқымды акция өткізу керектігін айтып, ойларын ортаға салды.

Сәлуле Оразова – “Қызыл ай” ҚБ директоры

 

– Мен облыс орталығында жалғызбасты аналарды қолдауға арналған акция өткізуді ұсынамын. Оған қаладағы өнер ұжымдары мен әншілерді тартып, концерт өткізу керек. Ал сол жерге ақша салатын жәшік қою керек.

“Көкек әкелерден” алимент өндіріп алу қияметтің қияметі. Өз еркімен алимент төлейтін әкелер көп емес. Сондықтан жалғызбасты аналарға қоғам болып жәрдем ету керектігін айтты жиналғандар. Жиын түйіні осы.

Бақыт Сәдуақасов.