Қоғам

Куйбышев орман шаруашылығы кентіне тамызда таза су жеткізіледі

Елена Сахарова – Куйбышев орман шаруашылығы кентінің тұрғыны

– Бұған дейін барлық шелек-құтыларымызды артып, су алу үшін қалаға қатынайтынбыз. Жаз демей, қыс демей, жауында да, суықта да, алыстан арбалап су тасимыз. Жеміс жидектерді суару үшін жер асты суларын іске жаратып келеміз. Бірақ оны ішуге келмейді. Сапасы төмен, құрамында әктасы көп. Енді қаладан келетін таза, сапалы тіршілік көзі үйіміздің дәл алдынан ағатын болды. Оны ас-суымызға да, шаруашалықта да пайдамызға жаратамыз.

Таза ауыз судан мұндағы тұрғындар 30 жылдан бері қысылып келген. Тек бұдан бірнеше жыл бұрын жаңа су құбырының жобалық құжаттамалары әзірленіп, биыл құрылыс жұмыстары басталды. Пестрое көлінен кент тұрғындарына дейінгі маңызды желіні “Титан – Север” ЖШС-нің жұмысшылары тартуда.

Гарик Бернецян –  “Титан-Север” ЖШС-нің директоры

– Біздің мекеме Куйбышев орман шаруашылығына дейін су құбырларының желісін тарту жөніндегі тендерді ұтып алды. Негізгі жұмыстар сәуірдің 22-інен басталды. Жоба құны 112 млн. теңгені құрап отыр. Осы уақытқа дейін елді-мекенге диаметрі 225 мм-лік құбырлар тартылды.

Пестрое көлінің маңындағы “Қызылжар су” серіктестігінің желісінен бері қарай екі бірдей құбыр тартылуда. Яғни, алдағы уақытта бұл желі поселкедегі 250 баспаны сумен қамтамасыз етпек. Әзірше мұнда небары 85 жер үй бар. Кенттің өз ішінде диаметрі 110 мм-лік құбырлар төселіпті. Олардың жалпы ұзындығы 1 жарым шақырымға тақау. Осы уақытқа дейін барлық шаруаның 70 пайызы орындалды. Қазір жұмысшылар құдықтар мен өрт гидранттарын орнатуға кіріскен.

Семен Ефремов – учаске басшысы

– Барлығы 48 құдықтың 41-і орнатылды. Бұл жұмыстардың 90 пайызы. Сонымен қатар, поселкені негізгі желімен байланыстыратын трубаларды төсеу қалды. Су құбырларының барлығы заман талабына сай – қысымға шыдамды пластиктен әзірленген жергілікті зауыттың өнімі. Сапасы жоғары, экологиялық жағынан таза, әрі 50 жылға шыдас береді. Құбырларды орнатпас бұрын бір мәрте және төсегеннен кейін гидравликалық әдіспен тағы тексереміз.

Жаңа құбырлардың бойымен таза ауыз су тамыздың ортасында аға бастайды деп жоспарланған. “Титан-север” серіктестігіндегілер поселкедегі жолдарды да тегістеп беруге уеде еткен. Ал оған дейін Сахаровтар әулеті бақшаларында өскен жеміс-жидектерді қолдан жасалған құдықтан келетін тіршілік көзімен суарып, аз ғана шыдауға дайын.

Шохтыбаева Гульмира.