Қоғам

Мәжіліс депутаты тұрғындарды қабылдады

Нашраф Гарифова – зейнеткер

–  Зейнетақым аз. Бұл қаржыға өмір сүру өте қиын. Коммуналдық қызметтер, азық-түлік бағасы барлығы қымбат. Маған екі ота жасады. Бірақ мүгедек ретінде тіркеуге алған жоқ.

Депутат көнекөз қарияның бұл шағымын міндетті түрде Мәжіліс жиналысында көтеретіндігін айтты.

Ольга Шишигина – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Мен сіздің сұрағыңызды жазып алдым. Мәселеңізді шешу жолдарын мәжіліс депутаттарының жиналысында талқыға саламыз.

Бұдан басқа қоғамдық қабылдауда Қызылжар ауданының Красноярка селосындағы мектептің жабылуы мен жұмыссыздық жайы көтерілді.

Вера Яворская – зейнеткер

– Ауылда жұмыс жоқ. 11 жылдық мектепті 8 жылдыққа айналдырған, жауып тастаймыз дейді. Мектеп керемет, жақсы кабинеттері бар, ас әзірлейтін бөлігі мен интернет желісі бар. Мектеп оқушылары 4 рет экологиядан республикалық олимпиадада жеңіске жеткен. Дегенмен, қазір білім ошағында небары 30 бала қалғандықтан, оны жапқалы жатыр.

Мәжіліс депутаты бұл мәселемен Қызылжар ауданына жоспарлаған жұмыс сапары барысында жақынырақ танысатынын айтты.

Ольга Шишигина – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты

– Қызылжар ауданының әкімімен жүздесуді көздеп отырмын. Сонда осы сұрақты шешуге немесе бір амалын табуға тырысамын.

Мейманмен кездесуде спорт мәселесі де көтерілді. “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі Асқар Баймұқанов жастар бос уақытта футбол ойнағылары келеді, бірақ қалада жасыл алаңдар жетіспейді дейді.

Асқар Баймұқанов – “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі

–  Мен өзім және де “Жасыл ел” отрядындағы бірқатар жастар футбол ойнағанды ұнатамыз. Күнде кешке сабақтан кейін немесе жұмыстан соң футбол ойнайық десек, көбінесе жасыл алаңдар бос болмайды. Осы тұрғыда, біздің қалада футбол алаңдарының салынуына ықпал етуіңізді сұраймын.

Жасыл алаң алдағы уақытта барлық аулаларда болады, тек оған қаражат бөлу үшін қала басшылығы өтініш беруі керек дейді Мәжіліс депутаты. Бұл жауапқа қанағат болған Асқар Баймұқанов спорт нысандарының құрылысына “Жасыл ел” отрядының жастары да өз көмектерін тигізетінін айтты.

Асқар Баймұқанов – “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі

– Менің ойымша, ендігі жерде қала билігі мен жастар бірігіп, жасыл алаңдарды салуды тездетеді. Бұған “Жасыл ел” отрядының жастары да міндетті түрде ат салысады.

Қабылдауға келген тұрғындардың барлығын тыңдаған депутат мәселелерді шешуге болатынын жеткізді.

Ольга Шишигина – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

–  Маған түскен өтішітердің денін жергілікті атқарушы органдар арқылы шешуге болады. Яғни, Парламент Мәжілісінің депутаттарының қарауына жеткізбей, тап осы жерде мәселенің түйінін тарқатуға болатынын байқап отырмын. Бұл әлдеқайда жеңіл шаруа.

Жалпы мәжіліс депутатының қабылдауына 6 тұрғын келді.

Риат Шони.