Қоғам

Ауыр дертке шалдыққан балғындар көмекке зәру

Ботагөз Сокова, көмек сұраушы, Камила Сокованың анасы

– Тамыздың 7-сіне Бішкекке билет алып қойдық. Бізге 27 мың теңге жол ақысын “Улыбка” қоры жинап берді. Қазір қызымның жағдайы нашар. Бір жақ жамбасы шыққан, белі ұмстамайды, өз бетімен тамақ іше алмайды. Отыра алмайды, жүре алмайды.

Ал Кирилл Сухомлиновтың жақын уақытқа дейін жүрегі ауыратын. Енді ол үшін бәрі артта қалды. Қор президенті Галина Бондаренконың ат салысуымен балғынға Түмен қаласында 2-ші рет ота сәтті жасалды. Анасы Ольганың айтуынша ұлы ақырындап сауығып келеді.

Ольга Сухомлинова, көмек сұраушы, Кирилл Сухомлиновтың анасы

– Балам отадан кейін белсенді бола бастады. Еркін жүріп-тұра алады. Кейде асыр салып жүгіреді. Оның жадыраған көңіл-күйіне қарап мен де баға жетпес бақытты сәттерге шомылғандай боламын. Байқаймын бұрынғыдай ентікпесі жоқ. Мен баламның денсаулығын қайтаруға көмектескен жандарға шексіз алғысымды айтамын. Олардың өмірлері жарқын, бала-шағалары аман болсын деп тілеп жүремін.

Жалпы “Улыбка” қайырымдылық қоры өткен жылы 7 науқастың еміне және отасына қаржылай демеу көрсеткен.

Галина Бондаренко, “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының президенті

– Бізге кейде алаяқ ата-аналар да кезігіп жатады. Сондықтан біз дәрігерлерден баланың диагнозын растайтын түбіртекті сұратамыз. Кейде отандық дәрігерлер науқасқа ешбір ем көрсете алмай, оны шет елге жіберіп жатады. Осы жағдайда науқас ата-ана бізге нақты қай елге жолдама алғандығын айғақтайтын құжаттар тапсыруы қажет. Сонда ғана біз ол балаға қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Бізде тағы қордың жанынан “Фея” сауықтыру орталығы ашылған. Онда туа бітті сал ауруына шалдыққандар үшін иппотерапия жаттығулары жасалады.

Қазір қорға қолы ашық жандар мен қалталы азаматтардың көмегі ауадай қажет. Сондай-ақ қайырымдылық іс-шараларды өткізуге жұмылатын 14 жастан асқан еріктілер қажет. Егер сіз тұрмыс жағдайы нашар жанұялар мен дертке шалдыққан науқастарға бей-жай қарамайтын адам болсаңыз, Интернациональ көшесі, 55 мекен-жайындағы үйге келіп материалдық тұрғыдан қол ұшыңызды беруге болады. Немесе экранда көрсетілген мына нөмірге қоңырау шалыңыз.

“Улыбка” қайырымдылық қоры, Интернациональ көшесі 55, тел: 8 777 217 59 96 немес 39 00 45

Берик Касен.