Спорт

“Ақ бидай” жазғы спорттық ойындары аяқталды

Олег Нейфельд футбол жаттықтырушысы, Тайынша ауданы

– Негізгі мықты қарсылас – Ғабит Мүсірепов ауданының құрамасы. Бірінші ойында біз олардан жеңіліп қалдық. Алаңда өте жиі кездесіп тұрамыз. Қазір Есіл ауданымен ойнап жатырмыз. Әзірге, жеңіс біздің жақта. Содан кейін бескөлдіктермен сайысамыз. Жалпы, ойын өте жақсы өтіп жатыр.

Ал, мына спорт залында аудандықтар баскетбол ойынынан сынға түсті. Шағын ғана зал ішіне лық толы жанкүйерлер кез келген сәтте алаңға шығып кетуге дайын болып тұрғандай. Бірнеше сағатқа созылған ойын спортшылардың әттеген-айларына, көрерменнің қуанышы мен күйінішіне толы болды. Дегенмен, ойынның алғашқы минутында-ақ қарсыластың себетіне бірнеше гол сала білген құрамалар да кездесті.

Шахмат, дойбы ойындарының шеберлері де осы спартакиадада бас қосты. Ал, ауыр атлетикаға 9 салмақ санаты бойынша 150-ге жуық спортшы қатысты.
Еркін күрес 8 салмақ санаты бойынша өтті. Ең көп 125 болса, ең аз салмақ – 57 килограмм. Палуандардың бәрі сайдың тасындай іріктелген. Олар боз кілем үстіне «қарсыласымды жеңсем» деген ниетпен шығады. Алайда, жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. Айталық, 125 килограмм салмақтағы ең соңғы жұп Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов аудандарының өкілдері болды. Алыспай беріспеуге бел буған түйе палуандар біраз шайқасты. Ақыры, Жұмабаев ауданының спортшысы қарсыласын тізе бүктірді. Оның айтуынша, әр спортшының өзіне ғана тән тактикасы мен сыры болу керек.

Сағынтай Майлашев – палуан, М. Жұмабаев ауданы

– Жарыс жақсы өтті. 125 кг салмақта 1-ші орын алдым.

Үш күнге созылып, 1000-нан астам спортшы мен бірнеше мың жанкүйерді жинаған «Ақ бидай-2014» ойындары қызықты да тартысты өтті. Аудандар бір жылғы дайындықтарын пысықтап, спорттың барлық түрі бойынша бірінші саптан көрінуге тырысты. Нәтижесінде, жалпы құрамалық үшінші орынды Мағжан Жұмабаев ауданы місе тұтып, 200 мың теңгенің сертификатына, диплом мен кубокқа ие болды. Күміс жүлдегер – Қызылжар ауданы. Диплом, кубок және 300 мың теңгелік сертификат солардың еншісіне тиді. Ал, бірінші орынды Ғабит Мүсірепов ауданы қанжығалады. Олар жарты миллион теңгенің сертификаты, диплом мен кубокқа және облыс әкімінің сыйлығы – “Газель” автокөлігіне ие болды. Оның кілтін аймақ басшысының орынбасары Анархан Дүйсенова табыстады.

Жәдігер  Қабдуннасов – Ғабит Мүсірепов ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы

– Сапартакиадаға дайындалу қиын болды. Бірақ та біз ешқандай қиыншылыққа қарамай 1-ші орынға ие болдық. Бұған өте қуаныштымыз.

Марапаттау рәсімінен кейін Ғабит Мүсірепов ауданының құрамасы спартакиаданың туын тайыншалықтарға табыстады. Демек, 2015 жылғы «Ақ бидай» жазғы спорт мерекесі Тайынша ауданында өтеді.

Данаш Хамзина.