Денсаулық сақтау

Өңірімізде қан тапшылығы жоқ

Роза Қалжанова – донор

– Қанға мұқтаж жандарға қол ұшын беру үшін осы орталыққа келдік. Ұлт денсаулығы – бұл бүкіл мемлекеттің денсаулығы ғой. Сол себепті де мұнда жиі келіп тұруға тырысамыз.

Донор болып, бір тамшы қанымен мұқтаж жанға қол ұшын созғандар мына бөлмеде қан тапсырады. Әр донордан 450 мл. көлемінде қан алынады. Бөлмеде температура қалыпты – 22 градус. Ал мынау құрылғыда әр донорға арналған штрих-код басылып шығарылады. Ол кодқа әр келген адам жайлы ақпарат енгізіліп, сақталып қалады. Қан тапсыруға ниеттілер ең әуелі терапевт қабылдауынан өтеді. Яғни, алдымен ақ халаттылар салмағын, бой өлшемін, қан тобын анықтап, донор болуға рұқсат берілетінін не берілмейтінін айтады. Компьютерге енгізілген тізімде қызыл болып бейнеленгендер әр түрлі себептерге байланысты донор бола алмайтындар. Ал мынау ұзақ мерзімді сақтау блогында тоңазытқыштар орнатылған. Бұнда қан плазмасын, яғни сұйықтық бөлімі, ақуыздар коллоидты ертіндісін 4 айға карантинға жабады. Жалпы бұл бөлмеде 13 тоңазытқыш, 2 тонна қан плазмасы бар. Барлығы жаңа құрылғы. Ал қалыпты температура -25 тен -30 градусқа дейін.

Анна Скочилова Облыстық қан орталығының қан дайындау бөлімінің меңгерушісі

– Карантинға жабу бұл жұқпалы ауруларға қарсы қосымша әдіс. Қазіргі таңда ол 6 айдан 4 айға қысқартылды. 4 айдан соң біз донорды шақырып, дәрігерге қаратамыз. Егер тексеріс барысында оның дені сау болса, плазма емдеу желісіне жіберіледі.

Осындай заманауи құралдармен жабдыққан қан орталығының қызметкерлері қанға тапшылық жоқ, керісінше донорлардың саны күннен күнге артуда дейді.

Наталья Солодухина -Облыстық қан орталығының емдеу бөлімі директорының орынбасары

 

–  2010 жылы бізде 4900 литр қан болса, 2013 жылы 7750 литрге жетті. Ал донорлар саны 2010 жылы 7200 адам болса, 2013 жылы 10750-ге жетті. 2014 жылдың жартыжылдығында бізде жоспарды 6 пайызға асыра орындадық.

18 жасқа толған әрбір азамат қаламыздағы “Облыстық қан орталығына” келіп донор бола алады. Науқастың өмірі үшін қан тапсыру – әр адамның азаматтық парызы.

Риат Шони.