Құқық қорғау органдары

Пәтер есіктерінде құлақ іздерін қалдырған ұрылар қолға түсті

Владимир Николаенко – СҚО ІІД жедел-криминалистика басқармасының бөлім бастығы.

– Аталған ұйымдасқан қылмыстық топ Петропавл аумағында 10-нан астам қылмыс жасаған. Ұрылар аяқ киімдерінің де, саусақтарының да іздерін жасырып, асқан сақтықпен жұмыс істеген. Жедел уәкілдер қылмыскерлерді қолға түсірген уақытта құлақ суретінің салыстырмалы сараптамасын жүргіздік. Нәтижесінде бір күдіктінің оң құлағының таңбасы 5 есікте қалғаны және сол құлағымен тағы 3 есікке тақалып, тыңдағаны анықталды.

Күдіктіге айып тағуға осы жағдайлар негіз болған. Қазіргі уақытта криминалистерде құлақтардың 30-дан астам іздері сақталуда. Олардың барлығын пәтерлерді тонап кеткен ұры-қарылар қалдырыпты.
Айтпақшы, бұндай тәжірибені республика бойынша жергілікті криминалистер бірінші болып қолға алған. Қазіргі уақытта басқарма мамандары 8 түрлі сараптама жасайды. Нәтижесінде жыл басынан криминалистер жүргізген зерттеулердің арқасында көліктерді айдап кетудің 11, 39 тонау, 16 қарақшылық және 11 бұзақылық фактісі анықталған.

Шохтыбаева Гульмира.