Спорт

Банк қызметкерлері шағын футболдан өзара сайысты

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚФ директоры

– Айта кету керек, бірінші жарыс Көкшетауда, екінші Астанада, үшінші Қостанайда өтті. Сол жарыста Астана мен Көкшетауда біздің облыстың командасы бірінші орын алған болатын. Ал Қостанайда біз 0:1-мен орталық аппараттан ұтылып, екінші орын алдық. Енді біз реванш алып, өзіміздің жерімізде ұтсақ па деген ойымыз бар.

Жарыстың басталуына санаулы минуттар қалды. Қазір әр команда ойыншылары дайындықтарын тағы бір мәрте пысықтау үстінде. Өткен жарыста Алматы қаласындағы Ұлттық Банктің орталық аппараты 1-ші орынға қол жеткізіп, жеңімпаз атанған. Олар бұл жолғы сайысқа да команда құрамын мықты жасақтап келіпті.

Әлімжан Жансейітов – “ҚР Ұлттық банкі” ММ орталық аппаратының ойыншысы

– Әрине, бірінші орынға дайындалып келдік, енді өткен жылы Петропавл командасымен өте тартысты ойын болған. Бұл жылы да көреміз, Құдай қаласа бірінші орынға үміттеніп келдік. Өткен жылы құрамамыз сәл басқа болған, бұл жолы жас жігіттер көбірек, сапасы кем емес деп ойлаймыз.

Міне, алаңда Қостанай мен Алматы қаласының “Ұлттық банкі” аяқдопшылары бәсекеге түсуде. Орталық аппарат қызметкерлері ойынның алғашқы минуттарында 2-3 допты қақпаға дарытты. Ал келесі жақта петропавлдықтар мен астаналық ойыншылар сайысқа түсуде. Барлығы да жеңімпаз атану үшін тырысуда. Ал түс ауа ақтық сынға өткен командалар 1, 2 және 3 орынға таласып, бәсекеге түсті. Аяқдоп шеберлерінің тартысы 1 орынға талас кезінде қызды, Сөйтіп, 2 таймдық ойын 3:3 есебімен тең түсті. Пенальти кезінде жергілікті құрама алматылықтардан басым екендіктерін дәлелдеп, 1 орынды иеленді. Нәтижесінде 3 орынға қарағандылықтар тұрақтаса, екінші орынды алматылық команда, ал бас жүлде – кубок солтүстікқазақстандық аяқдопшыларға бұйырды.

Дмитрий Цыганков – “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚФ қызметкері

– Біз бұл турнирге өз жерімізде өтетіндіктен мықтап дайындалдық. Әрине, жеңіс оңайлықпен келді деп айта алмаймын. Барлық командалар мықтылықтарын көрсетті.

Сонымен қатар әр команда ойыншылары “үздік шабуылдаушы”, “қақпашы” және “ойыншы” номинациялары бойынша марапатқа ие болды. Келесі жарыс Қарағанды қаласында өтпек.

Бақыт Сәдуақасов.