Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Астана бақыт мекені” шеруі өтті

Еңсесін биік ұстаған Ару Астана – барша қазақстандықтардың ортақ мақтанышы. Шаһардың туған күнін атап өтуге, мерекелік шараларға ортақтасуға қаланың күллі тұрғындары шыққандай.

Петропавлда мерекелік бағдарлама – театр алаңында басталды. Бұл жерде отандастарымызды алдымен, атақты хандар мен билер, Қорқыт ата, қазақтың ардақтылары – Абай, Мағжан мен Шоқан, орыстың ғұламалары Александр Пушкин, Федор Достоевский қарсы алып, театрландырылған қойылым ұсынды. Міне, араға желмен жарысқан сәйгілікті ауыздықтаған алтын адам қосылды. Олардың баршасы облыс әкімін, өңірдің зиялы қауымы, ардагерлер мен театр алаңына жиналған жерлестерімізді “Астана – бақыт мекені” шеруіне шақырды.

Есейіп, ержеткен Елордамыздың туған күніне арналған мерекелік шарада 40 бірдей “мәңгілік ел” байрағын аспанға көтерген әскери институт курсанттары, қолдарына бас қалаға деген сезімдерін білдіретін ал қызыл шарды ұстаған жастар, жас отандықтар, кейінгі ұрпақты білімге жетелеген мұғалімдер, ел қорғаны әскерилер, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер – барлығы 1 мыңға тарта адам қаламыздың бас көшесі Қазақстан конституциясын бойлай Астанаға арнаған шараны бастап кетті. М.Жұмабаев көшесінде шерушілерді спортшылар қарсы алса, Мир көшесінде бишілеріміз жайғасты. Ұзын-сонар колонна аялдаған келесі нысан – орталық алаң, мұндағы велосипедшілер, би ұжымдары да мерейлі мерекенің шырайын аша түсті.
Бұл жолғы мереке – өзгелерінен кең ауқымымен, сән-салтанатымен ерекшеленді. Бастысы – әз Астананың туған күніне бейжайлық танытқан жан болмады. Көшенің өне бойында шеруге қатысушыларға сан түрлі мекемелердің ұжымдары, мектеп оқушылары, студенттер, Қазақстан халқы ассамблеясының
өкілдері қосылды. Көше бойлай жас астанамыздың зәулім ғимараттарын, алып суреттерді де кездестіруге болады.

Осылайша, бас көшенің өне бойын қамтыған мерекелік шараға облыс орталығының 7 мыңға тарта тұрғыны үн қосты. Ақыры, шеруге қатысушылар тәуелсіздік монументінің алдына келіп тоқтады. Азаттығымызды айқындайтын ескерткіш маңындағы мерекелік шараны түрлі халықтардың биін билеген жастар бастады.

Бүгінгі мерекеге – табиғат ана да қуанышын білдіргендей. Аспан шайдай ашық, күн де жерлестерімізге молынан нұрын шашты. Мұны мерекеге жиналған қауымды елеулі күнмен құттықтау үшін сахнаға көтерілген облыс әкімі де айтып өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Атақты Абылай хан өз заманында орындай алмай, айтып кеткен армандарының бірі – кең-байтақ қазақ даласында қала салу ісін тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Н.Назарбаев өз қолымен жүзеге асырды. Елорданы елдің отанына көшіріп, Сарыарқаның төсінде Астанадай ару қала орнатты. Еуразия жүрегінде орналасқан Астанамыз – бүгінде әлем таныған тамаша елорда.

Айтулы мерекеге орай, жерлестеріміздің бірқатары бұл күні марапат пен қошеметке бөленді. Астана қаласының 16 жылдығында Елбасының жарлығы бойынша Еркен Жұмабаеваның омырауына “Алтын алқа” тағылды. Осыдан 22 жыл бұрын жолдасынан айырылған ардақты ана өмірдің қиындықтарына мойымай, 9 баланы тәрбиелеп, жетікізді. Бүгінде олардан 16 немере мен 7 шөбере сүйіп отыр. Кейуананың балалары өз болашақтарын жас астанамен байланыстырып, қазір Елордада абыройлы қызметтерін атқарып жүр.

Еркен Жұмабаева – көпбалалы ана, “Алтын алқа” иегері.

– Астана – әсем қала. Менің балаларым осы Астанада тұрып еңбек етіп жатыр. Астанамыз дами берсін. Басымызға амандық-саулық берсін.

Бұл күні тағы төрт жерлесіміз адал еңбегі, облысты әлеуметтік экономикалық дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің құрмет грамотасымен, 6-уы алғыс хаттарымен марапатталды. Мереке күні, Елордамен бірге жасап, осы күндері 16-ға толған мектеп оқушылары болса, облыс әкімінің қолынан куәліктерін алды.

Гүлзат Қаржауова – Астананың құрдасы.

– Мен Астананың құрдасымын. Мен бір жасқа толғанда Астанаға бардым. 16 жыл деген аз емес. Осы уақытта Астанамыз ер жетті. Мен осы үшін Елбасына алғыс айтамын.

Тәуелсіздік алаңына жиналған жерлестерімізге қаламыздың сан-алуан өнер ұжымдары би мен әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Шохтыбаева Гульмира.