Билік

Петропавл ауыр машина жасау зауыты энергетикалық қазандық қондырғыларын жасау өндірісін іске қосты

Қуаныш Бишімов- «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры.

-Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы. Біз жылына 4 мың тонна даяр өнім беретін энергетикалық қазандық қондырғыларын жасау өндірісін іске қоспақпыз. Жобаны «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы қаржыландырып отыр. Осының арқасында біз Қазақстандық үлесті арттырып, экспортқа шығуды көздеп отырмыз. Жаңа кешен Қазақстанның энергетика саласындағы қажеттіліктерін сапалы қондырғылармен қамтамасыз етуге қауқарлы. Қадірлі, Нұрсұлтан Әбішұлы. Өндірісті іске қосуға рұқсат етіңіз?!

Аталмыш жоба құны 700 млн. теңгені құраған. Оның 600 млн. теңгесін «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы бөлсе, 150 млн теңгесі кәсіпорынның жеке қаржысы. Осы желінің арқасында зауыт өнімдері экспортқа шығып, Қазақстандық үлес те 60 пайызға дейін артпақ. Жалпы өңір жетекшісі Ерік Сұлтановтың айтуынша, үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасының алғашқы 5 жылдығы өңір үшін табысты болған.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

– Индустриаландыру картасына СҚО 38 млрд теңгенің 31 жобасы кірген. 1900 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген еді. Жалпы алғашқы бесжылдықта 27 млрд. теңгенің 28 нысаны іске қосылған болатын. 1141 жұмыс орны ашылды. Нәтиже жаман емес. Енді алғашқы кезеңге кірмей қалған жобалар келесі бесжылдықта жүзеге асырылады. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2 есеге артса, инновациялық көлемі 4 есеге ұлғайған. Енді барлық кәсіпорындар жобалық қуаттылықтарын арттырса болғаны.

Елбасы телекөпір барысында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы нәтижелеріне тоқталды. Жаңа жобалар ел экономикасының еселене түсуіне септескен. Алайда, жетістіктермен қатар, бұл салада әлі шешімін таппай жүрген мәселелер де бар деп атап көрсетті ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев.

Жергілікті зауыттағы жаңа цехтың іске қосылуы 40-тан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Екі қолға бір күрек тапқандар 2 аусымда еңбек етеді.

Серік Шәріп- «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ №3 цехі участогінің басшысы.

-Мұндағы басты қондырғы – Пема деп аталатын газтығыз панельдерді автоматтандырылған пісіру қондырғысы болып табылады. Ол ұзындығы 15 және ені 2 метр болатын панельдерді және диаметрі 32-ден 101-ге дейінгі аралықтағы құбырларды дәнекерлеуге қауқарлы.

Аталмыш зауыт ендігі жерде энергетикалық компанияларды қазандық және оған қажетті құрылғылармен қамтамасыз ететін бірегей кәсіпорын болмақ. Бұрындары осындай құрылғылар елімізге Ресей мен Украинадан жеткізіліп келген. Цехты жабдықтауда Батыс пен Еуропаның қондырғылары қолданылыпты.

Николай Васильев- «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоының даму жөніндегі орынбасары.

-Біз ендігі жерде қазіргі күні тапшы қазандық және оған қажетті құрылғылармен еліміздің барлық ірі кәсіпорындарын қамтымақпыз. Бүгіндері республика бойынша 19 мың мегаватт энергия өндіретін 63 көмір электростанциясы бар. Сондықтан мұндай қондырғыларды шығаруға деген қажеттілік өте зор.

Жалпы индустрияландыру күні республика бойынша экономиканың әр саласында 21 жоба іске қосылды. Олардың арқасында екі қолға бір күрек таппай жүрген 2000 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылмақ.

Магжан Ахмадина.