Билік

Өңірге Рим папасы Францисктің өкілі келді

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі.

-Сіздің Солтүстік Қазақстан өңіріне келуіңіз – барша қазақстандықтар, оның ішінде католиктер үшін елеулі оқиға. Біздің облыста жүздеген ұлт өкілдері қоныс теуіп, тұрақты мекендерін тапты. Түрлі ұлыстардың халқы өзара ауыз біршілікте өмір сүріп, еліміздегі бейбітшілікті сақтауға, келісімді нығайтуға үлестерін қосып келеді. Сіздің сапарыңыз да осы сүттей ұйыған қарым-қатынастарды одан әрі берік ете түсуге септесетініне сенімдіміз.

Бір ғана Солтүстік Қазақстан өңірінде католик сеніміндегі тұрғындардың 40 пайызы шоғырланған. Облыс көлемінде 11 рим-католик ғибадат жасау орындары мен шіркеулер жұмыс істейді. Өңірге келген кардинал да өз кезегінде еліміздегі тыныштық үшін дұға жасайтынын жеткізді.

Роберт Сара – кардинал, Рим папасының өкілі, “Сor Unum” папалық кеңесінің төрағасы.

-Бұл менің Қазақстанға жасаған екінші сапарым. Өңіріңізге Рим папасы Францисктің жолдаған сәлемдемесін жеткізу үшін келіп отырмын. Қазақстан жеріне бүгінде қасиеттілер тізіміне кірген Рим папасы Иоанн Павел екінші келген болатын. Ендігі кезекте, ол ана дүниеде Қазақстанға бейбітшілікті тілеп жатқанына сенімдіміз. Өзім де, Озерное селосында дұға жасаған уақытта сіздердің елдеріңе діни тұрақтылық пен рухани өркендеуді тілек ететін боламын.

Мәртебелі меймандар Тайынша ауданындағы Озерное елді-мекенінде “Қазақстан жұлдызы” алтарін ортануды көздеген. Селодағы “Бейбітшілік патшайымы” костеліне сыйланған ғибадат орнын польшалық шебер Мариуш Драпиковский әзірлепті. Әлемнің түрлі елдерінде орнатылатын осындай 12 алтарьдің біріншісі Иерасулимге, ал екіншісі Қазақстанға, яғни біздің өңірге тарту етілді.

Бұдан бөлек, өңір жетекшісінің өзіне Роберт Сара Рим папасы Иоанн Павел екіншінің елімізге жасаған сапарының фото альбомын сыйласа, облыс әкімі кардиналға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған қазақ халқының салт-дәстүрлері жинағын тарту етті.

Ал жиыннан соң рим-католик шіркеуінің өкілдері ұлтаралық ауызбіршілікке тағзым ету мақстында қазақтың ғұламасы Абай мен орыс ақыны Александр Пушкинге орнатылған ескерткіш басына гүл шоқтарын қойды.

Шохтыбаева Гульмира.