Өнеркәсіп

“Зенченко және К” командиттік серіктестігі Астана қаласына күніне 22 тонна сүт өнімін жеткізеді

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры.

-Экспорт көлемін ұлғайту – Новоникольскі ауылындағы сүтті сиырлардың басын көбейтуге тікелей байланысты. Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек, әзірге Астанамен ғана әріптестік байланыс орнаттық. Елордалық тұрғындар арасында біздің сүт өнімдерімізге деген сұраныс жоғары. Еліміздің басқа да қалаларына шығуды жоспарлап отырмыз.

Осы уақыт ішінде өңірдегі іргелі кәсіпорынның өнімдері елордалықтардың үлкен сұранысына ие. Сондықтан да серіктестік өнім көлемін арттырудан бөлек, сапа жағына да баса мән беруде.

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры.

-Алғашқыда елордаға сүт өнімдерін жеткізуді “Шапағат” базарынан бастадық. Ол кездері аптасына бір рет 500 литрдей сүт тасымалдаумен шектелетін едік. Ал қазір өнім көлемін әлдеқайда арттырдық. Астанада біздің сүт өнімімізді саудалайтын арнайы өкілдеріміз бар. Олар қаланың 600 сауда орнына сүт өнімдерін жеткізеді.

Өндірісте осы күні 14 қызметкер ауысыммен жұмыс жасауда. Биыл дайын өнімді елордаға жеткізетін тағы 2 жаңа жүк көлігі де сатып алыныпты. Тәулік бойы үздіксіз тынбай еңбектенетін кәсіпорын қызметкерлері бас қала тұтынушыларын сүт өнімдерімен қамтитын еліміздегі жетекші сүт зауыттарының бірі.

Бақыт Сәдуақасов.