Қылмыс

Екі бірдей солтүстікқазақстандық баспанасыз қалды

Егор Поляков, Петропавл қалалық прокурордың көмекшісі.

– Бұл алаяқтарға қатысты үстіміздегі жылдың наурызында қалалық сот үкім шығарды. Олар пәтерді заңды үй иелерінсіз сатқан. Алаяқтар пәтер қожайындарының сеніміне кіріп, құжаттарды алып, оның көшірмесін істеген. Және үй иелеріне ұқсайтын жандарды тауып, құжаттарды нотариалды түрде растатып алған. Осылайша, алаяқтар өз істерін жүзеге асырған.

Прокурорлардың айтуынша алаяқтардың құрығына көбінесе жалғыз басты петропавлдықтар, алкогольдік ішімдікке тәуелді жандар және басқа қалада тұратын пәтер иелері түседі. Күдіктілер арам ойларын іске асырмас бұрын жоспар құрады. Пәтерлері бар тұлғалар туралы барынша ақпарат жинақтайды. Осылайша алаяқтар әр сатқан пәтерлері үшін 40 мың доллардан қалтаға басқан.

Егор Поляков, Петропавл қалалық прокурордың көмекшісі.

-Пәтер иелеріне айтарым, үшінші тұлғаға үйдің құжаттарын бермеңіздер. Бәрін сенімді жерде сақтаңыз. Ал, жаңа баспана алмас бұрын бәрін тексеріп алған дұрыс. Үйді сатып алғыңыз келсе, алдын-ала ақпарат жинаңыз. Заңды құжаттарын сұраңыз. Негізі пәтерді баспана қожайындарының өздерінен ғана сатып алған дұрыс.

Қазір прокурорлардың қарауында осындай тағы бір факті жатыр. Жапа шегушіге келтірілген шығын көлемі 50 мың АҚШ долларын құрайды. Жақын арада бұл іс сотқа жіберілмек.

Ахметова Бану.