МТРА жаңалықтары

СҚО әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті

 

Тәртіп сақшылары қылмыстардың алдын алып, оларды ашуда заманауи қондырғыларды қолданудың маңызы зор дейді. Бүгіндері облысымызда 74 бейнекамера бар. Олардың 36-сы Петропавл қаласында жұмыс жасап жатыр. 2013 жылы облыстық қазынадан бөлінген қаржыға әкімшілік полиция бөлімі 13 автокөлік және сонша скутермен қамтылыпты. Кездесуде ішкі істер органының қызметкерлері бүгінгі таңда туындап жатқан мәселелерін сөз етті.

Бауржан Рахымжанов- СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы.

– Бүгіндері облыс аумағында 183 учаскелік полиция бөлімшесі жұмыс жасаса, соның 166 ауылдық жерлерде орналасқан. Солардың көпшілігі талаптарға сай емес. Қазір біздерге 27 учаскелік пункт жетіспейді. Ал Қызылжар ауданының орталығы Бескөл мен Тимирязевте мүлдем жоқ. Тағы бір мәселе – қызметтік автокөліктердің жеткіліксіздігі. Ол тәртіп сақшыларына оқиға орнына жедел жетуге көмектесер еді. Бейнебақылау қондырғыларының саны артса да жақсы болар еді.

Нашақорлар мен маскүнемдер және бұрын сотталған азаматтармен жасалатын қылмыстар саны артқан. Облыс әкімі жағдайды оңалту бағытында қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын сұрастырды.

Бауржан Рахымжанов- СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы.

-Біздер қазір алдын алу шараларын күшейтіп отырмыз. Сенбі, жексенбі күндері қызметкерлеріміз түнгі көңіл көтеру орындарын бақылауға алады. Көшелерде де үнемі патрульдік топтар жұмыс жасайды. Оның үстіне үнемі рейдтік шараларды өткізіп отырамыз.

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды тапсырды. Кейін облыс орталығының бас көшелерінің бірі – Қазақстан Конституциясы бойында мотороллермен жүретіндер санының өскендігін айтып, тиісті шаралар қолдануды жүктеді.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

-Алған бағыт дұрыс. Сондықтан жұмыстарды жалғастыру керек. Осы тенденцияны сақтап қалу керек. Ал сіздерде туындаған мәселелерге келсек, оны біз алдағы уақытта қарастыратын боламыз. Тағы Қазақстан Конституциясы көшесіндегі бақылауды күшейту керек.

Ведомствоаралық комиссия мүшелері баяндамадан кейін, әкімшілік полиция басқармасының бастығына алдын алу шараларын күшейту керектігін ескертті. Құрғақ сандарды айта бермей, сөзден нақты іске көшу қажеттігін тапсырды. Кейін кездесуге жиылғандар облыстық прокурордың көмекшісі Арман Құсановтың баяндамасын тыңдады. Ол да бүгіндері қызметкерлер мен кей ауылдық жерлерде учаскелік бөлімшелердің жетіспеушілігін атап өтті. Кейін қолда бар техниканы дұрыс пайдалану қажеттігін де ескертіп өтті. Сөзінің жаны бар. Өйткені былтыр Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылына алынған 3 бейнебақылау кешені әлі күнге дейін жұмыс істемейді екен. Ал оларды орнатуға 780 мың теңгеге жуық бюджет қаржысы жұмсалыпты.

Арман Құсанов- СҚО прокурорының көмекшісі.

– Талшық селолық округінің әкімдігі мен аудандық ішкі істер бөлімі оны жөндеуге асығар емес. Олар құрылғының жұмыс істемеуін мердігер компанияның дұрыс орнатпағаны және интернет жылдамдығының төмендігімен түсіндіріп оытр.

Облыс прокурорының көмекшісі қаладағы кей көңіл көтеру орындарында жасалатын қылмыстар санының артқандығын атап көрсетті. Жиын соңында өңір басшысы Ерік Сұлтанов бірқатар ведомство басшылары мен аудан және қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

 

– Аудан және қала әкімдеріне, тиісті атқарушы билік өкілдері комиссия мүшелдері шығарған шешімді уақытылы орындауы қажет. Бүгін баяндамаларда айтылған мәселелерге жақсылап сараптама жасаңыздар. Аппарат жетекшісіне 2013 жыл мен үстіміздегі жылдың 6 айында жасалған нұсқаулықтардың орындалуын қадағалауды тапсырамын.

Магжан Ахмадина.