МТРА жаңалықтары

«Біз өмірді таңдаймыз» атты театрландырылған қойылымдар байқауы өтті

Актер ғасыр дертіне шалдыққан адамның жүріс-тұрысын, іс-қимылын көрсету қиынға соқты дейді. Сондықтан туындыны сахнаға шығару үшін 1 ай бойы тынымсыз дайындалған.

Арман Көпжасаров- аудандық мәдениет үйінің әдіскері, Ғ.Мүсірепов ауданы.

 

– Мен нашақор баланы сомдаймын. Образға ену оңай болған жоқ. Өйткені нашақорлар сезінетін ауруды, өне бойына нашаның уы енгенде қандай сезімде болатындығын көрсету ауыр. Оның үстіне маған мұндай қыдырымпаз жасөспірімнің образы жақын емес. Сондықтан аздаған қиындықтар болды.

Әр ұжым өз қойылымын көрермен назарына 15 минут ішінде ұсынып үлгеруі қажет. Сайысқа қатысқан топтардың оған жақсы дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр. Сахна төріндегі туындылар сан алуан. Есіл ауданынан келген «Жалын» үгіт бригадасының өкілдері есірткімен күрес жайлы қойылымды ертегі желісінде құрған.

Ольга Савченко- «Жалын» үгіт бригадасының көркемдік жетекшісі, Есіл ауданы.

-Балаларға есіртікінің қаншалықты жаман екендігін нақ осы формада ұғындыру дұрыс болады деп ойладық. Жастар жаман әдеттерден аулақ болу керек. Бұл қойылымда көңілді де, қайғылы жәйттер де кездеседі.

«Біз өмірді таңдаймыз» атты театрландырылған қойылымдар байқауына 10 аудан мен облыс орталығының 2 ұжымы ат салысқан. Халықаралық нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған шара салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталыпты.

Таңат Бейсенбаев- облыстық халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы.

– Әділ қазылардың басты мақсаты – олардың сахнадағы шебер ойындарын, қандай мәселелерді көтеріп отырғандығын бағалау. Есірткі мәселесі қай топта өткір, әрі жақсы болғандығын саралайды.

Сайыс жеңімпаздары диплом және сыйлықтармен марапатталды.

Магжан Ахмадина.