Денсаулық сақтау

Облыстық прокуратурада алқа отырысы өтті

Бұл 2013 жылдан осы уақытқа дейін жинақталған статистикалық мәліметтер. Адам жанының арашасы атанған мамандық иелерінің қателіктерін облыстық прокуратура қызметкерлері денсаулық сақтау мекемелеріне жүргізген тексерістердің барысында анықтаған. Заңбұзушылықтар шаш етектен. Айталық, Есіл, Ақжар, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов және Айыртау аудандарында тегін босатылатын дәрі-дәрмектер тиісті ауруларға дейін жетпейтін көрінеді.

Руслан Мұқанов- СҚО прокуратурасының 1-ші басқармасының аға прокуроры

– Ал Петропавл қалалық прокуратурасы С есімді азаматшадан жаңа туған нәрестесінің өліміне қатысты түскен шағым негізінде 3-ші қалалық ауруханада тексеріс жүргізді. Нәтижесінде оған уақтылы диагностика жасалмағаны анықталды. Соның салдарынан босану кезінде әйелге тиісті жедел көмек көрсетілмеген. Қазір бұл қателік дәлелденіп, медицина қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК-нің 114-бабы бойынша іс қозғалды.

Сондай-ақ, Шал ақын аудандық орталық ауруханадағы мәйітханада тоңазытқыш жұмыс істемейді екен. Салдарынан, қайтыс болғандардың денелері салқындатылған емес, жай бөлмелерде сақталуда.

Нұрәлі Абуов- Шал ақын аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері

-2009 жылы бізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сол уақытта бізге жаңа емес ескі тоңазытқыш орнатылыпты. Кондырғы үнемі сыр беріп келеді. Қаншама рет жөндеттік, бірақ нәтиже жоқ. Жыл басынан бері екі рет жарамсыз болып қалды. Осындай бір жағдай дәл тексеріс уақытында орын алды. Жаңасын алуға әлі өтініш берген жоқпыз.

Тексеріс жұмыстары қазіргі таңда Тимирязев аудандық орталық ауруханасында құрылғылардың 27 пайызы тозғанын көрсеткен. Бұдан өзге кей емдеу мекемелерінде жалған анықтамалар беріліп келіпті. Өңіріміздің бас дәрігері барлық заңбұзушылықтарды ескеріп, тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.

Қабдырахман Сақтағанов- СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы

-Кінәлілер міндетті түрде жазаланады. Қандай да бір іске қатысы болса, бас дәрігерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Кейін бізде рейтинг жүргізіледі. Жарты жыл бойынша 70 ұпай жинай алмаған бас дәрігерлермен жасалған келісімшарт бұзылады.

Кінәлілер жауапсыз қалмау керектігін алға тартқан облыс прокуроры бұжан былай, медицина саласында олқылықтар орын алмауы тиіс деді.

Медицина мекемелеріне жүргізілген тексерістердің барысында сондай-ақ, бір дәрігердің бірнеше қызметті қатар алып жүргендігі де анықталған. Онымен қоса бүгіндері облысымыздың емдеу орындарына 200-ден астам маман жетіспейтін көрінеді. Денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл бағытта да тиісті шаралар қолға алынуда деп сендірді.

 

Магжан Ахмадина.