Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тренингтер

 

 

Осы күні еліміз бойынша 570 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тіркеуде болса, соның тек 3 пайызы ғана тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан өңірімізде өткізіліп отырған бүгінгі тренинг-жобаның – жарымжан жандардың жұмысқа орналуысына көмегі тиері сөзсіз, – дейді ұйымдастырушылар.

 

Владислав Демьянов, СҚО бойынша “Қамқор” ҚБ төрағасы:

-Жалпы, қазіргі таңда облыста 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүреді. Олардың мың бес жүзі жұмыс істей алатын жаста. Тренингте еңбекке қабілетті, мүгедек жандарды түгелдей жұмысқа орналастыру мәселесі сөз болды.

 

3 күндік тренингте бизнес-жаттықтырушылар кембағал жандармен психологиялық жұмыс жасайтын болады. Іскерлік ойын барысында қоғамға шығуға батылы жетпейтін мүгедектермен психологиялық жұмыс жүргізіледі.

 

Татьяна Мишкина, бизнес-жаттықтырушы:

-Тренингке 30 кембағал жан қатысып отыр. Мұндай іскерлік ойындар мүгедектер үшін аса қажет. 3 күндік семинар барысында әрқайсысымен жекелей жұмыс жасаймыз. Оларды қандай мәселе толғандыратындығы жайында сұрап, бірге шешудің жолдарын қарастырамыз.

 

Келушілер де бұл тренингтің өздеріне тигізер пайдасы мол екендігін айтуда. 1 топтағы мүгедек Алма Қожабаева жақында жұмысқа тұруға ниетті. Өткен жылы СҚУ колледжін ағылшын тілі мамандығы бойынша тәмамдаған студент, осыған дейін жұмыс таба алмай біраз қиналыпты. Өткізіліп отырған тренингке жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуға келіп отыр.

Биыл облыста жыл басын 450 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа орналасқан. Екі қолға бір күрек тапқандар қатарын еселеу көзделіп отыр. Көбінесе кембағал жандар жұмысқа тұру үшін қандай мекеменің есігін қағу керектігінен бейхабар екен. Сондықтан айта кететін жағдай, енді әр мүмкіндігі шектеулі азамат Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығына хабарласа алады.

 

Бақыт Сәдуақасов