Спорт

«Үміт» спартакиадасы

 

 

Дәстүрлі сайыстың ашылу салтанатынан кейін, барлық аудан өкілдері бірден өздері қатысатын спорт түрлері бойынша алаңдарға жүріп кетті. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында, әсіресе, жеңіл атлетика бойынша өткен жарыстар тартысты болды. Өйткені мұнда Сергей Харламов, Ақылбек Ташмақов сынды белгілі спорт майталмандары қатысты. Десе де, өңірімізден жиылған мүгедек жандар оларға жақсы бәсекелестік туғыза алды. Жеңіл атлетика бойынша талай байрақты додаларда бағын сынап жүрген Ақылбек Ташмақов бұл жарыстарға Есіл ауданының намысын қорғап келіп отыр. Спортшы биік белестерді бағындыру осындай спартакиадалардан басталды дейді.

 

Ақылбек Ташмақов,жеңіл атлетикадан спорт шебері, Есіл ауданы:

– Осы спартакиадаға бірнеше рет қатыстым. Жақсы нәтижелерге жетуге болады. Өткенде ҚР чемпионатына бардым.

 

Ал Әнуар Мәдиев пауэрлифтингте бағын сынауда. Ең алғашында 60 келілік белтемірді көтерген ол, екінші кезегінде 70 келілік салмаққа тапсырыс берген. Тайынша ауданының спортшысы бұл салмақты да оңай бағындырды.

 

Әнуар Мәдиев- жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы

-70 келі менің өзімнің жұмыс істеп жүрген салмағым. Сондықтан аса қиын болған жоқ.

 

Жалпы «Үміт-2014» облыстық спартакиадасы спорттың 8 түрін қамтыған. Мүмкіндігі шектеулі жандар жүгіру, ұзындыққа секіру, пауэрлифтинг, шахмат, дойбыда бақтарын сынады. Жыл сайын аталмыш жарыстарға қатысамын деушілердің қатары артуда дейді ұйымдастырушылар.

 

Вячеслав Латышев, бас төреші:

– Өткен жылы жарысқа 230 адам қатысса, биыл олардың саны 262-ге жетіп отыр. Бұл әрине елді мекенде спорттың дамып келе жатқандығының көрсеткіші. Жалпы осындай жарыстарда біз ел намысын байрақты додаларда қорғайтын мықты жандарды анықтай аламыз.

 

Облыстық спартакиада екі күнге жалғаспақ. Жеңімпаздар кубок, медальдармен марапатталатын болады.

 

Мағжан Ахмадина