Спорт

Радиоәуесқойлар чемпионаты

 

Чемпионатты Қазақстанның радиоспорт және радиоәуесқойлар федерациясы мен Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі ұйымдастырған. Жарысқа қатысуға Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облысы мен біздің өңірден 30-дан астам спортшы тілек білдірген.

Радиоспорт жарысының екінші күнінде сайыскерлер радиотелеграфия және қысқа толқындағы байланыс түрлері бойынша сынға түсуде. Қазір барлық қатысушылар қажетті құрал-жабдықтарын тағы бір мәрте тексеріп, жарыстың басталуын күтіп отыр. Тапсырма бойынша, әр үміткер радиоқабылдағыштың көмегімен жасырылған 5 түлкіні тауып, тапсырманы 2 сағат 10 минутта орындауы тиіс. Үміткерлердің ішінде ең жасы – Астана қаласынан келген Дінмұхаммед Сейітқұл. 10 жасар спортшы “Астана” радиоклубының намысын қорғауда.

 

Радиоспорт чемпионатына облыс орталығындағы әскери институт курсанттары да қатысуда. Өзгелеріне қарағанда болашақ офицерлердің дайындықтары әдеқайда жоғары. Өйткені сарбаздар радиотелеграфия және радиобайланыс құралдарымен күнделікті оқу барысында жұмыс істейді екен.

Қаламызда спорттық радиопеленгация жарыстары 5 жылдан бері өткізіліп келеді екен. Тұтастай алғанда ел спортшыларының дайындық деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді. Тек осы спорттың қыр-сырын меңгеруге үйрететін радиоклубтар жеткіліксіз, – дейді ұйымдастырушылар.

 

Бақыт Сәдуақасов