Салық басқармасы

Петропавлда көлік салығын төлемей жүргендер көбеюде

 

Осы күндері көліктің тізгінін үзбей ұстағанымен, оның салығын төлемей жүрген азаматтар аз емес. Осыған орай фискалдық орган мамандары сот орындаушылармен бірге рейдтік шаралар ұйымдастыруда. Олар мемлекетке берешегі бар азаматтардың үйлеріне соғып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салығын тездетіп өтеу керектігі жайында хабардар етуде.

 

Айбас Нұртазин, Петропавл қаласы бойынша салық басқармасы жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы:

-Жыл басынан бері сот шешімімен 68 іс сот орындаушыларға жолданды. Егер борышкерлер қарызын өтеуге асықпаса, оның шет мемлекетке шығуына тосқауыл қойылмақ. 2014 жылдың өзінде шет мемлекетке шығуға 19 азаматқа тыйым салынды.

 

Пушкин көшесі, 103-үйдегі 73-ші пәтерде тұратын азаматшаның мемлекетке қарызы – 50 мың теңге шамасында. Алайда борышкердің өзі үйінде болмады. Есікті ашқан әйелдің ата-анасы оларға салықты төлеу жайында ешқандай қағаз келмегенін айтады. Сәтпаев көшесі 53 мекенжайындағы 5-пәтердің иесі де үйінде болмай шықты. Оның қарызы – 15 мың теңге шамасында. Сот орындаушылары ескертуді оның туысына тапсырумен шектелді. Рейдті ұйымдастырушылар Уәлиханов көшесі 46-үйдегі пәтерлердің бірінде тұратын борышкермен де жүздесе алмады.

 

Бахтияр Биканов, СҚО сот актiлерiн орындау департаментiнің сот орындаушысы:

-Біз көлік салығын өтемеген азаматтардан соттың шешімі бойынша қарызды өндіру үшін айына екі рет рейд жүргіземіз. Тұрғындардың мемлекетке ең аз мөлшердегі борышы – 15 мың теңге болса, ал ең ірілері 200 мың теңгеден асып жығылады.

 

Бүгінгі таңда борышкер мемлекетке тиесілі салығын төлемеген жағдайда оның шетелге шығуына тыйым салынады. Сондай-ақ, жол полициясы қызметкерлері де қарызы бар азаматтың автокөлігін айып тұрағына жіберуге құқылы.

 

Бақыт Сәдуақасов