Қоғам

Еңбек заңнамасын кеңінен түсіндіру қажет

 

 

Елімізде бұқараға еңбек заңнамасының негіздерін құқықтық тұрғыда түсіндіру және оқытудың 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралары бекітілген болатын. Бізде бұл жұмыстар бүгінде 66 ұйымда жүргізілуде. Алайда оның өзі тиісті деңгейде емес дейді прокуратура қызметкерлері. Мәселен, аталған жұмысты мемлекеттік әлеуметтік қызмет көрсету конкурсында жеңіп алған «Рух- тұлғаны дамыту және психология орталығы» серіктестігі бағдарлама шеңберінде дәріс беруді саусақпен санарлық адамдарға ғана өткізіпті.

 

Асқар Жүнісов, СҚО прокуратурасы бірінші басқармасының аға прокуроры:

-Арнайы жүргізілген тексерістер барысында дәріске ең көбі 10 адам қатысса, ең азы төртеу болған. Бұл бағдарлама талаптарын сақтамағандық болып табылады. Яғни аталмыш серіктестік тек құжат жүзінде есеп беру үшін ғана жұмыс істеген. Ал бұқараның еңбек заңнамасы тұрғысында сауаты артты ма, жоқ па, ол жағына шаруалары болмаған сыңайлы.

 

Өз жұмысшыларына еңбек заңнамасын құқықтық тұрғыда түсіндіруді қолға алған кәспорындардың барлығы облыс орталығы мен оған жақын орналасқан аудандардікі. Ал шалғайдағыларында мұны ойлап жатқандар жоқ дейді прокуратура қызметкерлдері. Қоғамдық кеңес отырысында қаралған екінші мәселе – азаматтар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың инновациялық мүмкіндіктеріне қатысты болды. Бұл ретте еліміздің бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Бизнес тірегі» және «Айқын» жобаларды іске қосқан. Мақсат – кәсіпкерлік саласына қатысты үздіксіз тексерістердің санын қысқартып, мемлекеттік органдардың бизнеске тосқауыл қоюларына жол бермеу болып табылады.

 

Айдар Мұқанов, ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО басқармасының бөлім бастығы:

-«Бизнес тірегі» бағдарламасын жүзеге асыру барысында оған 1,5 жыл ішінде өңір кәсіпкерлерінен 50-ден астам шағым түсті. Олардың дені заңсыз тексерістерге қатысты. Арнайы жүргізілген зерттеулер барысында арыздардың жартысынан астамы расталып, заңбұзушылыққа жол бергендер жауапқа тартылды.

 

Прокуратура жанынан құрылған қоғамдық кеңеске аталмыш орган қызметкерлерінен бөлек, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері де мүшелік етеді. Олардың міндеттері – кеңес отырысында талқыланып, нақты шешім қабылданған мәселелердің жүзеге асырылу барысын соңына дейін қадағалау болып табылады.

 

Самат Есмағи