Спорт

Солтүстікқазақстандық спорт тарихына арналған көрме

 

Көрменің ашылу салтанатына келген халықтың қарасы қалың. Бүгінгі шарада ардагер спортшыларды да кездестіруге болады. Олардың барлығы жерлестеріміздің жетістіктерімен танысып, жас гимнастардың өнерлеріне тәнті болды.

 

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт жетекшісі:

– Бүгін Олимпиада күніне орай көрме ашылды. Бұл солтүстікқазақстандықтар үшін елеулі оқиға. Көрмеде өткен ғасырдан қалған спорт жәдігерлері, спортшылардың киімдері бар. Біздің жерлестеріміз осы формада әлем ареналарында еліміздің намысын қорғап, талай жеңістерге жеткен.

 

Көрмеде өңіріміздегі спорттың даму тарихы толық қамтылған. Ұлттық спорт өнерінің жәдігерлерін де молынан кездестіруге болады. СҚО 2008 жылы “Құлагер” ипподромы негізінде ат спорт түрлерінің БЖСМ құрылды. Онда ат спортының бес түрі үйретіледі: қыз қуу, бәйге, көкпар, теңге алу және де аударыспақ. Ұлттық спорт түрлерінің облыстық БЖСМ-де  қазақ күресі, тоғызқұмалақ және жекпе-жек бөлімдері жұмыс істейді.

 

Бауыржан Құлжанов, қазақша күрес бойынаша ҚазКСР спорт шебері, ардагер спортшы:

– Бүгінгі уақытта спорт – патриоттық дүние. Сондықтан менің айтатыным, жас балалар спортпен шұғылданса, үлкен табыскер болады, жолдастары көп болады, мақсаты болады. Сол себепті де спортпен әрқашан шұғылдану керек.

 

Жалпы көрмеде жұрттың назарына жерлестеріміздің түрлі жетістіктері ілігеді.

Сондай-ақ Параолимпиада ойындарына қатысқан Олег Сысолятин, Сергей Харламов, Қайрат Қанафиннің медальдары мен марапаттары жұртшылық назарына ұсынылған.

 

Олег Сысолятин, шаңғы спорты бойынша спорт шебері:

-Мен Туринда және Ванкуверда өткен паралимпиада ойындарына қатыстым. Қазақстан мен Ресейде өткен түрлі марафондарды жібермеймін. Спортпен 4 жасымнан бастап айналысамын, әлі күнге дейін салауатты өмір салтын ұстанамын. Басқаларына да айтарым, жаман әдеттерден арылып, спортпен шұғылданыңдар.

 

Лондон қаласында өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров пен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Алексей Луценконың қол жеткізген жетістіктері көпшіліктің назарында болды.

 

Михаил Вервикишкин, СҚО тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

– Біздің мұражайда “Жылдамырақ. Биігірек. Күштірек!” атты стационарлық көрме ашылды. Бұның атауын да біз тектен текке қойған жоқпыз, бұл алғашқы олипиада ойындарының ұраны. Көрменің мақсаты – СҚО-да спорттың дамуы мен жерлестеріміздің қол жеткізген жетістіктерін мақтан тұту.