Балалар

“Нашақорлыққа жол жоқ!”

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай облыстық ІІД полицейлері кешенді алдын алу шараларын ұйымдастыруда. Бұл күндері тәртіп сақшылары облыс орталығындағы білім беру және спорт мекемелерде әңгімелесулер мен байқаулар өткізуде.

Тәртіп сақшылары Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледждің студенттерімен де кездесті. Полицейлер оларға есірткіні қолданғаннан кейінгі өмірлері құрдымға кеткен атақты ақын, жазушылар, әншілер, әртістер және спортшылар жайында әңгімеледі. Келесі шара – спартакиада “Достық” балалар мен жасөсіпірімдер клубында өткізілді. Қаладағы әр мектептен жиналған оқушылар 3 командаға бөлініп, футбол ойнады. Мұндағы спорт залда сонымен қатар суреттер байқауы да ұйымдастырылды. Балалар өздерінің нашақорлыққа қарсы екендіктерін қағаз бетіне салған туындылары арқылы жеткізді.

Сөйтіп, “Көкөніс” командасы байқаудың жеңімпазы атанды. Тәртіп сақшылары жас спортшылар мен сурет сайысына қатысқандарға естелік сыйлықтар табыс етті.

Сондай-ақ, полицейлер балалардың демалыс орындарында, қауіпті топқа жататын жасөспірімдер арасында және қаладағы спорт мектептерінде бірқатар шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

 

Бану Ахметова