Билік

Ауылдағы өмір сапасын арттыру – басым бағыт

 

 

Бескөл ауылы облыс орталығына жақын орналасқандықтан, осы маңда жер алып, баспана тұрғызамын дегендердің қатары қалың. Бүгіндері жер учаскесін иеленуге кезекте тұрғандар саны 1 мыңнан асып жығылады. Ал құрылыс жүргізетін аумақ жоқтың қасы. Сондықтан Қызылжар ауданының басшылығы өңір жетекшісін ең алдымен Бескөлдің аумағын кеңейту жоспарымен таныстырды. Яғни, мұндағылар егіс алқаптары орналасқан аумақтың 300 гектарын жекеменшік тұрғын үйлардің құрылысын жүргізуге алмақ. Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов ат басын бұрған келесі нысан – Бескөлдің орталық алаңында орналасқан «Жас ұрпақ» саябағы мен Батырлар аллеясы болды. Алдағы уақытта мұнда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Кейін облыс әкімі Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысымен танысты. Өңір жетекшісі аудандық тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық базасын байқады, «Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС болды. Қазір мұнда 38 ғылыми қызметкер еңбек етеді. Облыс әкімі мұндағы зертханаларды аралап, мамандармен тілдесті. Айта кететін жайт, институт ғалымдары биыл «Алабота» тұқымын дамытуға 3 патент алған.

Кейін Ерік Сұлтанов Бескөл ауылындағы «Парасат» мектеп-лицейі мен «Болашақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің жұмысымен танысты. Бүгіндері оқу ордасында 630 бала білім алады. Мектептің жеке жылыжайы бар. Ол жерде өсірілген көкөністер тікелей білім мекемесінің асханасына жөнелтіледі. Мұнда оқитын 50 бала тегін тамақпен қамтылады екен. Өңір басшысы мектеп жанындағы 50 балғынға шақталған «Балбөбек» шағын орталығын да аралады. Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Молсервис» ЖШС жұмысымен танысты. Қазір мұнда сүт өнімдерінің 20 түрі шығарылады. 100-ден астам адам еңбек ететін кәсіпорын күніне 20 тонна ақты өңдейді екен. Бұдан соң Ерік Сұлтанов Бәйтерек ауылында құрылысы 2016 жылы басталатын мектепке бөлінген аумақта болды. Бүгіндері мұнда мектеп жасындағы 306 балғын тұрады. Қазір олар Бескөлге арнайы автобуспен қатынап оқып жүр. Сондықтан білім ошағы бәйтеректіктерге ауадай қажет. Ауыл тұрғындарына мешіт те керек. Бүгінде тұрғындар діни орынды салуға қажетті құрылыс материалдарының біразын өз қаржыларына сатып алған. Бірақ ол жеткіліксіз болып тұр. Өңір жетекшісі рухани нысан құрылысына жеке кәсіпкерлерді қолдау білдіруге шақыратынын айтты. 2 қабатты нысанның құрылысы жуық арада қолға алынбақ.

Кейін Ерік Сұлтанов Бескөлдегі құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа жылу қазандығының жұмысымен танысты. Ол іске қосылса, 32 әлеуметтік нысан мен 30 тұрғын үй жылумен қамтылмақ. Бұдан кейін облыс әкімі «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС болып, ондағы цехтарды көрді.

 

Мағжан Ахмадина