Спорт

Әр түрлі дәрежедегі 15 медаль

 

 

Италияда өткен халықаралық жарысқа Қазақстан құрамасынан 17 мүмкіндігі шектеулі спортшы қатысқан. Солардың бірі – жерлесіміз Сергей Усольцев. Ол 300-ден астам спортшы атсалысқан турнирде 800 метр қашықтықты 52,9 секундта жүріп шығып, үздік үштікті тұйықтады. Сергей болашақта өз класы бойынша Азияның үздік деген 10 спортшысының қатарына енгісі келеді.

 

Сергей Усольцев, мүгедектер арбасы бойынша ҚР СШ:

-Италиядағы бұл жарыс күзде Оңтүстік Кореяда өтетін Азия ойындарына іріктеу кезеңі болатын. Онда әр елден жиналған 300 үміткер арбамен және жүгіру жарысынан халықаралық дәрежеде бекітілген нормативті орындап шығуы керек болатын. Ұлттық құрамадан жарысқа 17 адам қатысса, соның 15 барлық талаптарды ойдағыдай орындап шықты.

 

Дәл осы додаға желаяқ Сергей Харламов та қатысты. Ол да қажетті нормативті еңсерген 15 қазақстандықтың арасынан көріне алды.

 

Сергей Харламов, жүгіруден халықаралық дәрежедегі СШ:

-Италиядағы жарыс оңай болған жоқ. Менімен бірге 100, 200 және 400 метр қысқа қашықтықта басты орынға тағы 12 спортшы таласты. Дегенмен жүгіруден уақыт есебінен жаңылған жоқпын. Одан кейін ұзындыққа секіруден сынға түстім.

 

Италиядағы байрақты додадан кейін Сергей Усольцев пен Сергей Харламов өз бақтарын Талдықорған қаласында ұйымдастырылған ел чемпионатында да сынап көрген. Екеуі өңір құрамасына әр түрлі дистанция бойынша 7 алтын сыйлады. Жеңіл атлетикадан өңір қоржынына 8-ші алтынды жерлесіміз Ақылбек Ташмаков салды. Одан бөлек бұл сайысқа солтүстіктен тағы 12 спортшы қатысқан болатын. Олардың үлесінде 4 күміс, 3 қола алқа. Осылайша жалпыкомандалық есепте өңір құрамасы 3-орынға қол жеткізді.

 

Берік Қасен