Спорт

Жекпе-жектен жарыс өтті

 

 

Нағыз сайыпқыран жігіттердің айқасы деп бүгінгі сайысты айтуға болады. Алаңға бірінші болып Ақтөбе облысының спортшысы Нұрсұлтан Қаражанов шықты. Жекпе-жек басталысымен ол көп созбай қарсыласы Айдар Зағыпаровты жерге құлатты. Сөйтіп, оған 20 секунд бойы ауыртпа тәсілін қолданып, жеңіске жетті. Нұрсұлтан бұл спорт түрімен 3 жыл бойы айналысып жүр. Бірінші рет жекпе-жекке досымен бірге еріп келген, кейін бұл спортқа деген қызығушылығы арта түскен.

 

Нұрсұлтан Қаражанов, Ақтөбе облысының спортшысы:

-Бұл жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Сайысқа 6 ай бойы дайындалған едім. Бапкеріме алғысымды білдіремін.

 

Турнирге 150-ден астам спортшы келді. Олардың салмақтары 55 келіден 90-ға дейін. Жекпе-жекке тек 18-ге толған спортшылар ғана қатыса алады. Өйткені, бұл спорт түрінде түрлі әдістерді, тіпті ауыртпа тәсілін қолдана алады. Мысалы сайыскерлерге бокс, кикбоксинг, айкидо, джиу джитсу және тағы басқа спорт түрлеріндегі қол-аяқ қозғалыстарын пайдалануға рұқсат етілген.

 

Ерназар Әлімбетов, Қазақстан Республикасы жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының директоры:

-Бүгінгі таңда жекпе-жек бойынша турнир Солтүстік Қазақстанда ресми түрде өткізіліп жатыр. Әрине елімізде жекпе-жек ұлттық спорты жоғары деңгейде дамып келеді. Оған спортшылар да өз үлесін қосуда.

 

Жарыстың екінші күні де тартыстарға толы болды. Әсіресе, көрермен ақтық жекпе-жекті ерекше күткен болатын. Шаршы алаңға абсолюттік салмақта Сергей Зубков пен Александр Чернов шықты. Екі спортшы да Қарағанды облысынан келген екен. Алайда балуандар көрермендер мен жаттықтырушылар күткендей тартысты ойын көрсете алмады. Төрешілердің пайымдауынша, алаңда достық дегенді ұмыту қажет. Сондықтан болар, бірер минуттан кейін жекпе-жек тоқтатылып, бұрынғы көрсеткен жетістіктері үшін чемпион атағы Сергей Зубковқа табысталды.

 

Сергей Зубков,самбодан халықарлық дәрежедегі спорт шебері, Қарағанды облысы:

– Самбомен 9 жыл айналысып келемін. Ең алғашында қызығушылық болды. Бірақ осындай сайыстарға қатысамын деп ойлаған жоқпын. Оңай болды деп айта алмаймын. Қарсыластар мықты.

 

Сайыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үшінші тұғырды жерлестеріміз бен Алматы қаласының спортшылары бөліссе, екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының құрамасы еншіледі. Ал бірінші орыннан сауатты ойын өрнегін көрсете білген Алматы облысының балуандары табылды.

 

Нұрлан Аманқұлов,самбодан халықарлық дәрежедегі спорт шебері, Алматы облысы:

– Құрамамызда көбі жастар. Бірақ тәжірбиелі спортшылар көп. Сайыстарға ылғи жақсы дайындықпен келеміз. Жеңіске жетуге бар күшімізді саламыз.

 

Алматы облысының құрамасында 16 спортшы болған. Айта кететін жайт, өткен жылы да осы команданың балуандары чемпион атанған болатын.