Билік

Жамбыл ауданында – жаңа басшы

 

 

Жарты жыл әкімсіз отырған жамбылдықтар жаңа басшымен танысты. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 29-шы сессиясында Иван Турковтың кандидатурасы бірауыздан қабылданды. Ол 1976 жылы туған. Жоғары білімді. Бұған дейін селолық округ, аудан әкімі болған. Жаңа басшыны жаңа қызметімен құттықтаған өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов оған бірнеше міндеттер жүктеді.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– Иван Турков тестілеуден сүрінбей өтті. Бұл біз үміт артып, осы міндетті сеніммен тапсыра алатын аз жандардың бірі. Жұмыс тәжірибесі мол. Білімді азамат. Осыған дейін Тайыншаны басқарған кезде, ол ауданның жағдайы өте жақсы болатын. Енді Жамбыл ауданының мал шаруашылығын, сүт, ет өнімдерін өңдеу жұмыстарын қолға алуды тапсырамын.

 

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов Иван Турковқа бұдан да басқа бірнеше міндеттерді тізбектеп берді. Атап айтсақ, аудандағы ірі қара санын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларын, жұмыспен қамту және жалақы мәселелерін бір жолға қою. Сондай-ақ, ауданда сапалы ауыз су мен жол жағдайының мәз еместігін атап өтті. Өз кезегінде Иван Турков жүктелген міндетті абыройлы атқаратынына уәде етті.

Аудан бойынша жаңа нысандар салу, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – кездесуде осы мәселелер де көтерілді. Демек, кандидатурасы бірауыздан қабылданған Иван Турковтың алда атқарар істері ауқымды.