Қоғам

Қалалықтарды ұн тозаңы алаңдатып отыр

 

 

Осыдан бірер минут бұрын мына жер ақ айран болып жатқан еді. Алайда, сіркіреп өткен жауын айнала шашылған ұнды шайып кетті. Петропавлдағы апаттық қызметтің жұмысшылары бұл жағдай күнделікті қайталанды дейді. Қарама-қарсы орналасқан нан-тоқаш комбинатынан үнемі ұн шашылады.

 

Ирина Скатова, Петропавлдағы апаттық қызметінің диспетчері:

– Мұндай жағдай күн сайын қайталанады. Біздің аумақпен қатар көрші үйлердің ауласына дейін ақ ұнтақ болып жатады. Біз терезелерді де аша алмаймыз. Таза ауамен емес, осы ақ ұнтақпен дем алып отырмыз.

 

Петропавлдағы апаттық қызметтің жұмысшылары ауысыммен тәулік бойына еңбек етеді. Олар үнемі ұнның астында жүреміз. Ақ ұнтақ ауыз-мұрнымызға еніп, демалысымыз қиындайды дейді.

Мир көшесі 110 мекен-жайының тұрғындары да бұл проблеманы айтып бірнеше есікті қаққан көрінеді.

 

Рашида Морозова, “Мир2” ПИК төрайымы:

– Біз прокуротураға нан комбинатын тексерсін деп арыздандық. Себебі олардан шыққан ұнның қалдықтары бізге келеді. Менің оған аллергиям бар. Ұнтақ шаң сияқты. Балалар аулада еркін ойнай да алмайды. Исі мен шуына қатысты да санитарлық мамандар мен прокуратураға хабарластық. Бірақ, ешқандай нәтиже болмай тұр.

 

Осы мәселеге қатысты біз нан-тоқаш комбинатының басшысына хабарластық. Олар бұл проблеманы кәсіпорында диірмен кешенінің қайта қалпына келтіріліп жатқандығымен түсіндірді.

 

Надежда Золотых, Петропавл қалалық нан-тоқаш комбинаты диірмен кешенінің басшысы:

– Біздің комбинат 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сондықтан қазіргі уақытта диірмен кешеніндегі жабдықтар жаңасына алмастырылуда. Мұндай қалдық көп кәсіпорында болады. Бұл жиі қайталанып жатқан жоқ. Мүмкін түнгі уақытта операторлар байқамай қалған шығар. Егер сондай болып жатса, кәсіпорын өз жұмысын тоқтатып, оның себептерін анықтайды.

 

Қалпына келтіру жұмыстары екі айдан соң аяқталады дейді нан-тоқаш комбинатындағылар. Бірақ олар келеңсіз жағдайдың қайталанбайтынына уәде бере алмады.

 

Бану Ахметова