ТКШ

Мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр

 

 

Мир көшесіндегі 349-шы үйдің қазіргі жағдайы мынадай. Бұрындары пәтерге өтетін жаңбыр мен еріген қар суынан із де қалмапты. Шатыры жөнделіп, жылу желілері мен жертөле қалыпқа келтірілген. 1987 жылы негізі қаланған баспана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасынан кейін осылай түрленген. Көпқабатты үйді “Мирас групп” ЖШС-гі қалыпқа келтірген. Тұрғындар мердігер компанияның жұмысына көңілдері толып отыр.

Ал көрші 339-ші үйдің сиқы мынадай. Оны алдыңғы баспанамен салыстыруға мүлдем келмейді. Себебі мұнда күрделі жөндеу жұмыстары 20-30 жылдай жүргізілмепті. Жаңбыр жауа қалса, баспана шатырынан су бір ай бойы сорғалап тұрады екен. 5-ші қабаттағы пәтерлердің едендері шіріп, ылғал астыңғы қабаттарға ығысып жатыр. Кейбір тұрғындар осының салдарынан аурушаң болып кеттік деп мұңдарын шағып жатыр.

Биыл да бұл үйдің шатыры жөндеу көрмейін деп тұр. Себебі тұрғындар оған кететін шығын тым үлкен, шамамыз жетпейді дейді. Осы жазда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына жүгініп, тек жертөледегі жылу құбырларын ғана алмастырмақ ниетте.

Ал, мынау Мир көшесіндегі 351-ші үй. Бұл үйде де дәл осындай жағдай орын алып отыр. Олар да биылдан қалмай аталмыш бағдарламаға иек артпақ ниетте.

 

Любовь Полещук, Мир көшесі, 351-ші үйдің тұрғыны:

-Мен тұратын үйге 26 жыл. Барлық жылу құбырларының тозығы жетті. Жиі сыр беріп тұрады. Сондықтан тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына жүгініп, жертөледегі құбырларды 11 млн. тг-ге жөндетеміз. Себебі өзіміздің күшіміз жетпейді. Қазір тұрғындардың 50 пайызы жөндеу жұмыстарына келісті. Бірақ олар шатырды қалпына келтіруге келіспей отыр. Өйткені қызмет құны тым қымбат дейді.

 

Мира көшесіндегі жағдайы нашар бұл үйдің екеуі де “Әлия-Сервис” деп аталатын ПИК-іне енген.

 

Вера Золотилина, “Әлия-Сервис” ПИК төрайымы:

-Биыл біздің ПИК-ке кіретін үш баспана аталмыш бағдарламаға иек артып отыр. Мәселен, Мир 339 үйдің жылу құбырлары толығымен жаңасына алмастырылады. Және оған қоса жылу есептегіш құралдарын да орнатпақшымыз. Оған 42 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ Мир, 351 және 339 А- үйлерінде де жылу құбырларын алмастырамыз. Осы жұмыстардың барлығын жылыту маусымына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

“Әлия-Сервис” ПИК-нің төрайымы Вера Золотилина аталмыш бағдарлама тұрғындарға мүмкіндікті молынан беріп отыр дейді. Әсіресе зейнетақысы аз, жалақысы төмен отбасылардың қалтасын қақпайтын көрінеді.

 

Берік Қасен