Құқық қорғау органдары

Колонияда аттестаттар мен дипломдар тапсырылды

 

 

Бүгін ЕС 164/6 түзету мекемесінде жазасын өтеп жүргендер   үшін айтулы күн. Өйткені әйелдер колониясында алғаш рет 2014 жылдың 4 түлегіне орта білім алғаны туралы аттестат табыс етілуде. Солардың ішінде Наталья Елагина да бар. Ол қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 5 жылға сотталса, соның 2 жылы артта қалыпты. Бойжеткен түрмеден шығысымен, тұрақты жұмысқа орналасып, өмірін дұрыс арнаға бұруды армандайды. Мақсатқа білім ғана жеткізеді. Жазасын өтеушінің осыған дейін тек 9 жылдық білімі ғана болыпты.

Наталья Елагина, жазасын өтеуші:

-Бұл шара менің өмірімде есте қалатын айшықты оқиғаның бірі. Бұған дейін тек 9-сыныпты аяқтаған едім. Енді міне 11 жылдық орта мектеп бағдарламасын меңгеріп шықтым.

 

Сондай-ақ осы күні Петропавл кәсіптік колледжін тәмамдаған 47 жазасын өтеушіге орта арнайы білім туралы дипломдар берілді. Оның ішінде 23-і “Сылақшы” және 24-і “Киім тігу” маманы атанды. Жанар Нашкенова да колледжді тәмамдағандардың қатарында. Қостанай қаласының тұрғынының абақтыда жүргеніне 1 жылдан асқан. Нәзікжанды тезірек бостандыққа шығуды аңсайды, өйткені мені үйде күйеуім мен балаларым күтіп жүр дейді.

 

Жанар Нашкенова, жазасын өтеуші:

-Мекемеде жазамды өтеп жүргеніме 1 жылдай болып қалды. Уақытымды зая кетірмеу үшін, колледжде “штукатур” мамандығын меңгеріп шықтым. Мүмкін бостандыққа шыққан уақытта осы білімім бір пайдаға жарап қалар.

Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Бақыт Сәдуақасов