Бизнес және экономика

Геологтар СҚО аумағынан алтын қорын ашты

 

 

Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының жанынан табылған алтын қорының жалпы аумағы 400 гектарға жуық. Оны зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 30-60 жылдары аралығындағы жер қойнауын барлау құжаттамаларына байланысты жүргізіліпті.

 

Олжабай Исмаилов, «Геобайт-инфо» ЖШС бас директоры, Қостанай қаласы:

-Аталмыш аумақты зерттеуге қатысты рұқсаттаманы 2002 жылы алдық. Содан бергі тынымсыз еңбектің арқасында осы жерде алтынның бар екендігіне көз жеткіздік. Әзірге қамтыған аумағымыз 3 шақырым шаршы метр. Жоба бойынша 3 тонна алтын шығарылады деген жоспар бар. Зерттеу жұмыстарына 100 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсадық.

 

Аталмыш аумақта пайдалы қазба жұмыстарын жүргізумен ресейлік «Майнинг Солюшинс» компаниясының еліміздегі еншілес кәсіпорны «ӘулиеГолд Майнинг» серіктестігі айналыспақ.

 

Ерлан Әукенов, СҚО әкімінің орынбасары:

-Бұл барша солтүстікқазақстандықтар үшін айтулы оқиға. Өңірімізде пайдалы қазбалар қоры аз емес. Алайда бұл жер солардың ішіндегі ең ерекшесі болмақ. Облысымызда алтын қорының табылғандығы тарихи оқиға. Пайдалы қазба жұмыстарын жүргізуді өз мойындарына алған компания өкілдерінің жұмыстарына сәттілік тілеймін.

 

Бұдан соң компания өкілдері мен облыс әкімінің орынбасары жаңа кен орнында жұмыс бастауға рұқсат беретін әрі оны құжат түрінде растайтын келісім салынған капсуланы орнатты. Жаңа кен орны ашылуының тиімділігі зор. Біріншіден, ол жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берсе, екіншіден бюджет кірісін арттыруға жол ашпақ.

Жаңа жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісім 2021 жылға дейін бекітілген. Биылға жоспарланған жұмыстар аталмыш аумақта тау-кен өндіретін кәсіпорынды салумен шектелмек. Ал алтын өндіру содан кейін басталады дейді мамандар.

 

Павел Джулай, «Әулие Голд Майнинг» ЖШС директоры:

-Алғашқы бесжылдықта 600 мың тоннаға дейін өнім өндіреміз бе деген ой бар. Жер қойнауында одан әрі жүргізілетін жұмыстарға байланысты көрсеткіш өсе түспек. Ол үшін тағы келісім-шарт жасасатын боламыз. Жоба құны қомақты. Одан Қазақстанның ұтылмасы анық.

 

Әулие төбе маңынан алтын қорын тапқан гелогтар бұл жерден 15 тоннаға дейін құнды металл өндіруге болады дейді. Алтын шыққан жерден Менделеев таблицасындағы өзге элементтердің табылмасына кім кепіл.

 

Самат Есмағи